Алматыда 14 жастағы бала антибиотик салған соң көз жұмды

Алматыда 14 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу басталды. Ата-анасының айтуынша, балаға бұлшықет арқылы антибиотик салынған. Артынша оның жағдайы күрт нашарлап сала берген. Дәрігерлер жеті күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, ажалдан арашалай алмады.
Қара жамылған отбасы ұлының өліміне кім кінәлі екенін анықтап, оқиғаның жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етіп отыр, деп хабарлады Жетінші арна.
Максим өмірге құштар, арманы асқақ бала еді. Ата-анасы оны осылай еске алады. Сегізінші сынып оқушысы спортпен шұғылданып, сурет салуға әуес болған. Болашақта дәрігер болуды армандаған.
“Өте ауыр жағдай. Максим өте мейірімді, жанашыр, сезімтал еді. Өзі тамақ әзірлеп, тігін тігуді ұнататын. Тігін машинасы оның сүйікті құралы болды”, – деді Максимнің анасы Мария Кубарева.
Тамыз айында Максимнің лимфа түйіндері ұлғайғая бастаған. Содан бері ем іздеп бірнеше медициналық мекемеге жүгініпті. Дәрігерлер нұсқауымен дәрі ішкенімен дерттің беті қайтпаған. 21 қазанда ата-анасы ұлын Алматыдағы №37 қалалық емханаға алып барады. Инфекционист дәрігер антибиотик жазып, оны салар алдында аллергиялық сынама жасау керегін ескерткен. Алайда егуден кейін баланың жағдайы күрт нашарлаған.
“Ұлыма препаратты бұлшық етіне салды. Артынша жүрегі айныды. Өзін жайсыз сезініп, денесі шаншып жатқанын айтты. Жағдайы күрт нашарлады. Әрең дегенде қайта ішке кіргіздім. Сол кезде медбике оған қандай да бір дәрі егіп жатты. Шамасы, шокқа қарсы препарат болуы керек. Бірақ баланың жағдайы жақсармады. Денесі құрысып, есінен танып қалды. Мен оны ес-түссіз жатыр деп ойладым. Содан кейін емхана қызметкерлері абдырап, көмек көрсететін дәрігерлерді іздеп, әрі-бері жүгіре бастады”, – деп қосты Мария Кубарева.
Артынша Максим балаларға арналған шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізіліп, жасанды тыныс алу аппаратына қосылады. Дәрігерлер жеті күн бойы жасөспірімнің өмірі үшін күрескен. Алайда аман алып қала алмады. Қазір Мария баланың бойында ауыр аллергиялық реакция болды деп топшылап отыр. Сондықтан алғашқы көмектің қаншалықты дер кезінде көрсетілгенін тексеруді талап етуде.
“Біз соңына дейін үмітімізді үзбедік. Алғашында қатты күйзелдік. Бірақ кейін өзіме: «Баламның жүрегі соғып тұрғанда, мен оны жоқтап жыламаймын» дедім. Осы жеті күннің бәрінде өзімді ұстауға тырыстым”, – дейді марқұмның анасы.
Қайғылы жағдайдан кейін ата-анасы полицияға арызданған. Енді олар балаға нақты қанша мөлшерде дәрі егілгенін, медициналық процедураның талапқа сай жүргізілгенін және баланың жағдайы нашарлаған сәтте емхана қызметкерлерінің қалай әрекет еткенін анықтайды. Ал әкесінің айтуынша, емханада берілген құжаттарда бірқатар сәйкессіздік бар. Мәселен қағазда көрсетілген дәрі мөлшері медициналық қызметкерлердің процедура алдында өзара келіскен көлемінен өзгеше.
“Біздің басымызға түскен қайғылы жағдай өзгелерге сабақ болса екен дейміз. Емханалардың өзінде тиісті шаралар қабылданып, кемшіліктерді түзеу жұмыстары жүргізілуі керек”, – деді Максимнің әкесі Сергей Кубарев.
Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасы қара жамылған отбасыға көңіл айтып, тексеру қорытындысы бойынша қосымша ақпарат берілетінін хабарлады. Қазір жасөспірімнің өліміне қатысты істі құқық қорғау органдары тергеп жатыр.
“Аталмыш дерек бойынша Алматы қаласы полиция департаменті тергеу басқармасымен қылмыстық іс қозғалды. Өндіріс аясында тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Нәтижесінде, қылмыстық іс бойынша тиянақты, процессуалды шешім қабылданады”, – деп мәлімдеді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Сондай-ақ бала өлімінен кейін Алматы қаласы бойынша медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті мамандары да тексеру жүргізбек.
“Медициналық бақылау департаменті тарапынан жоспардан тыс тексеру жүргізу көзделіп отыр. Кәсіпкерлік кодекстің 144-бабына сәйкес, тексеру тиісті ақпараттық жүйеде тіркеледі. Осыдан кейін науқастың медициналық көмек алған бағыты бойынша, яғни қалалық емханада, жедел медициналық жәрдем станциясында және балалар стационарында тиісті тергеу жүргізіледі”, – деді МФБ комитеті департаментінің басшысы Дамир Дәулетбаев.
Бауыр еті баласынан айырылған ата-ана істің әділ шешілуін сұрайды. «Қайғылы жағдайға қатысты кінәлілердің барлығы заң алдында жауап берсе», — дейді.



