Тағы бір ресейлік миллиардер Қазақстан азаматтығын алды

Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Higgsfield стартапының тең құрылтайшысы Алекс Машрабовқа Қазақстан азаматының төлқұжатын табыстады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тиісті Жарлыққа президент Тоқаев 30 қазанда қол қойған. Министр желіде «Қазақ еліне +1 миллиардер!» деп сүйінші сұрап, ЖИ саласындағы таланттарды тарту еліміз үшін стратегиялық бағыт екенін жеткізді.
Алекс Машрабов — тегі ресейлік, бірақ негізгі мансабын АҚШ-та құрған кәсіпкер. Оның AI Factory атты алғашқы стартапын кезінде Snap корпорациясы 166 миллион долларға сатып алған. Ал 2023 жылы қазақстандық инженер Ерзат Дулатпен бірлесіп Higgsfield платформасын құрды. Қазір жобаның бағасы 5,4 миллиард доллар деп бағаланып жүр, ал қолданушылар саны 40 миллионнан асады.
Алайда әлгі жаңалықты қазақтілді бұқара аса қолдай қойған жоқ. Желідегі қауым көк паспорттың көлденең біреулерге оңды-солды, еш кедергісіз беріліп жатқанына шүйлігуде.
Атажұртқа біржола көшіп келгісі келетін қандастарымыз азаматтық алу үшін жылдап ЦОН-ның табалдырығын тоздырады, бюрократияның сан түрлі тезінен өтеді. Ал негізінен Сан-Франда тұратын, Қазақстанға жылына бір-екі рет қана ат басын бұратын IT-магнатқа азаматтық жеңілдетілген тәртіппен, тікелей Жарлықпен ұсынылды.



