Оқиға
Тренд

Маңғыстау облысындағы әскерилердің қазасы: 300-ден астам адамнан жауап алынып, 8 лауазымды тұлға қамалды

Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табу фактісі бойынша Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары қылмыстық істі тергеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Tiek.kz.

Тергеу барысы және қамауға алынғандар

ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, қайғылы оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау үшін кешенді тергеу амалдары жүргізілген. Бүгінгі таңда 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан астам сот сараптамасы мен зерттеу тағайындалды.

Қызметіне салғырт қарау және кеме жүргізу ережелерін бұзу күдігімен сот санкциясымен 8 лауазымды тұлға қамауға алынды. Олардың қатарында:

  • Қарулы Күштердің Әскери-теңіз күштерінің Бас қолбасшысы;

  • Оның бірінші орынбасары және жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары;

  • Екі әскери бөлімнің командирлері;

  • Теңіз жаяу әскерлері батальоны мен ротасының командирлері;

  • Катер капитаны.

Оқу-жаттығуды ұйымдастырудағы кемшіліктер

Бұған дейін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында әскери оқу-жаттығуларды жоспарлау мен өткізуде жүйелі проблемалар анықталғанын мәлімдеген болатын. Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру қорытындысы бойынша келесідей кемшіліктер белгілі болды:

  • Оқу-жаттығу барысын бақылаудың әлсіздігі;

  • Ықтимал тәуекелдерді бағалау мен жағдай өзгерген кездегі жедел әрекет ету дайындығының төмендігі;

  • Қауіпті факторларға жеткілікті назар аудармау;

  • Қауіпсіздік талаптарының сақталуын тиісті деңгейде бақыламау және қауіпті кезеңдерді тоқтату туралы шешімдердің уақытылы қабылданбауы.

Іс Бас прокуратураның қатаң бақылауында

Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге деректері жария етілмейді. Жақын арада тергеу амалдарын аяқтап, процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру жоспарлануда. Тергеу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынған.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиғадан қаза тапқан сарбаздардың отбасыларына барлық қаржылық көмек толықтай үлестірілген.

(Дереккөз: Kazinform)

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button