Агро-стратегия
Тренд

Сиыр етінің келісі 10-12 мыңға қымбаттайтыны рас па?

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Қазақстанда сиыр еті бағасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды tiek.kz.

Журналистер одан кәсіпкерлердің «сиыр етінің бір келісі 10-12 мың теңге болуы тиіс» деген мәлімдемесіне байланысты түсініктеме сұрады.

Ет бағасының өсуі әрдайым ішкі нарықтағы қымбаттауды білдірмейді. Бізде тиімді экспорт нарығы бар. Олар – Өзбекстан, Түркия, сондай-ақ Қытай мен Ресей. Негізгі табысты сол сыртқы нарықтан табамыз. Осы мақсатта мал шаруашылығын дамытудың арнайы бағдарламасы қабылданды. Ол ірі және ұсақ мал басын көбейтуді, сондай-ақ қоян өсіру, құс және ара шаруашылығын дамытуды көздейді. Бағдарлама аясында өндіріс көлемі артқан сайын қазіргі қолданыстағы шектеулер кезең-кезеңімен алынады, – деді Азат Сұлтанов.

Вице-министрдің айтуынша, бұл шаралар фермерлерге қосымша мүмкіндік береді.

Біздің саясатқа сәйкес, шаруалар сыртқы нарықта табыс табады. Артық өндіріс қалыптасқан жағдайда өнім экспортқа бағытталады. Сонымен қатар ішкі нарықтағы баланс сақталады. Сиыр еті бағасына қатысты бұрынғыдай күрт өсімге жол берілмейді, себебі ішкі нарық жеткілікті көлемде етпен қамтылады, – деп түйіндеді ол.

Бұған дейін Turan мал шаруашылығы қауымдастығының төрағасы Жәнібек Кенжебаев сиыр етінің әділ бағасы кемінде 10–12 мың теңге болуы тиіс деген еді. Ал қой еті 7 500 теңгеден төмен болмауы керек.

Жәнібек Кенжебаевтің айтуынша, мал өсірушінің шығыны жыл сайын артып келеді. Жем-шөп, жанар-жағармай, электр энергиясы, логистика – барлығы қымбат. Тіпті малшы табудың өзі мұң. Бүгінде тәжірибелі бақташы кемі 500 мың теңге сұрайды. Арзан ет өндірушіге тиімсіз.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button