Қоғам

«72 сағатқа жететін азық-түлік қорын дайындаңыз»: Әлемнің 19 елі тұрғындарға осындай хабарлама жіберіп жатыр

Әлем елдері тұрғындарға кемінде 72 сағатқа жететін азық-түлік пен қажет заттар қорын дайындауға кеңес беріп жатыр. Еуропа елдері паналау орындарын көбейтіп, эвакуация жоспарларын жаңартып жатыр деген ақпарат таруда.

Stan.kz  сайтының жазуынша, шамамен 19 ел осындай ескерту жасап, тұрғындарға  72 сағатқа жететін су, азық-түлік, дәрі-дәрмек, пауэрбанк, қолма-қол ақша, қолшам мен радио дайындау туралы арнайы хабарлама жіберген.

Осыған байланысты аталмыш редакция Төтенше жағдайлар министрлігіне ресми сұрау салған.

Төтенше жағдайлар министрлігі қараша айында болуы мүмкін апатқа қатысты ешқандай ескерту таратпағанын мәлімдеді. Сонымен қатар ведомство тұрғындарға үйде үш күнге жететін ауызсу, азық-түлік және қажетті заттар қорын сақтауға не себепті кеңес берілетінін түсіндірді.

“Қазір Төтенше жағдайлар министрлігі қараша айында қандай да бір төтенше жағдай болуы мүмкін деген ескерту таратқан жоқ. Сонымен қатар тұрғындарға азық-түлік, су мен дәрі-дәрмек қорын шұғыл жинау туралы нұсқау берілген жоқ”, – деп хабарлады ведомство.

Қазақстандықтарға 72 сағатқа жететін қор не үшін қажет?

Сонымен қатар министрлік үйде қажет заттардың қорын сақтау туралы ұсыным бар екенін растады. Алайда бұл – алдын алу шарасы. Ол қандай да бір нақты қауіпке байланысты емес.

“Алдын ала үш тәулікке (72 сағатқа) жететін алғашқы қажет заттардың қорын дайындау – халықтың ықтимал төтенше жағдайларға, соның ішінде жер сілкінісі мен су тасқынына әзірлігін арттыруға арналған ұсынымдардың бірі”, – деді министрлік.

Министрлік ең алдымен, ауызсу қорын дайындау керегін айтты. Олардың мәліметінше, әр адамға тәулігіне шамамен үш литр су есептелуі керек. Мысалы, төрт адамнан тұратын отбасыға үш күнге 36 литр ауызсу қажет.

Оған қоса, үйде мынадай заттар болғаны дұрыс:

— консервілер, кепкен нан, нан қытырлақтары, жарма және ұзақ сақталатын басқа да азық-түлік;

— алғашқы көмек қобдишасы, таңғыш материалдар және отбасы мүшелеріне қажет дәрі-дәрмек;

— жеке құжаттар мен қолма-қол ақша;

— ұялы телефондар, қуаттағыштар мен пауэрбанк;

— қолшам және жылы киім.

Қараша айында алаңдауға негіз бар ма?

Министрлік жағдайды тәулік бойы бақылап, азаматтардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп қадағалайтынын айтты. Сонымен бірге олар тұрғындарға қауесет пен расталмаған жарияланымдарға сенбеуге кеңес берді.

“Өзекті әрі ресми ақпаратты министрліктің ресми сайтынан, 112 Telegram-арнасынан және ведомствоның әлеуметтік желідегі парақшаларынан білуге болады. Сонымен қатар “Қазгидромет” пен басқа да мемлекеттік органдардың хабарламаларын бақылаған жөн. Төтенше жағдай туындап, көмек қажет болса, 112 нөміріне хабарласу керек”, – делінген жауапта.

Сондықтан үш күндік қор жинау туралы ұсыныстарды “соғыс басталады” деген ескерту ретінде қабылдау дұрыс емес. Елдер әртүрлі қауіпке дайындалып жатыр: бір жерде басты қатер – табиғи апат, енді бірінде – кибершабуыл мен инфрақұрылымның бұзылуы, ал Еуропаның бірқатар мемлекетінде әскери қауіп те ескеріледі. Ортақ мақсат – төтенше жағдайдың алғашқы кезеңінде халықтың сыртқы көмекке толық тәуелді болмауы.

Айта кетейік, бұған дейін Төтенше жағдайлар министрлігі жер сілкінісіне байланысты “дабыл чемоданын” жинап қоюға шақырған еді.

“Дабыл чемоданында” құжаттар, ақша, алғашқы медициналық көмек жинағы, үш күндік тамақ, ауыз су, консервілер, жоғары калориялы тағамдар, гигиеналық құралдар, жылы киімдер, көрпе, керек-жарақтар (радио, фонарь, батареялар, сіріңкелер, құралдар, ысқырық) болуы қажет.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button