Солтүстік Қазақстанда да әкімдік қызметкері сірке қышқылын ішіп, өлмек болды
Қазіргі уақытта оның жағдайы ауыр.

Солтүстік Қазақстан облысында әкімдік қызметкері сірке қышқылын ішіп, өзіне қол жұмсамақ болды деген ақпарат тарады.
Оқиға 3 қарашада болған. СҚО Полиция департаментінің мәліметінше, сол күні аудандық ауруханаға улану белгілері бар 62 жастағы әйел жеткізілген.
Қазір бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
«Суицидке оқталу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиға орнынан сірке қышқылы құйылған бөтелкелер мен хат табылды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр», – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі BAQ.KZ сауалына берген жауабында.
Құқық қорғау органдары тергеу құпиясына байланысты әзірге өзге ақпаратты жариялаудан бас тартты.
Белгілі болғандай, әйел Булаево қаласындағы аудандық ауруханаға жеткізілген. Қазіргі уақытта оның жағдайы ауыр.
Ал ауылдастарының сөзінше, әйелдің мұндай қадамға баруына шипажайда медициналық тексеруден өткен кезде ауыр дертке шалдыққанын білуі себеп болуы мүмкін. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.



