Аша Матайдың сұрағы «Қазақ аруы – 2026» байқауының қатысушыларын ыңғайсыз жағдайға қалдырды
Биылғы “Қазақ аруы – 2026” байқауында бас жүлдені Алматыдан қатысқан 20 жастағы Асылым Өтепберген жеңіп алды.
Танымал тележүргізуші әрі әнші Аша Матай “Қазақ аруы – 2026” байқауындағы әрекеті үшін әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Желі қолданушылары жүргізушіні қатысушылардың сөзін бөліп, ойын толық жеткізуіне мүмкіндік бермеді деп сынап жатыр, деп жазады Stan.kz.
3 қарашада Алматыда өткен “Қазақ аруы – 2026” ұлттық сұлулық байқауының сұрақ-жауап кезеңі көптің назарын аударды. Бұл кезеңде аруларға берілген сұрақтарға жауап беріп, өз ойларын жеткізу үшін бір минут уақыт қарастырылған. Алайда көрермендердің бір бөлігі жүргізуші Аша Матайдың қатысушылармен қарым-қатынасына көңілі толмағанын жазды.
Әсіресе Threads желісінде қолданушылар тележүргізушінің қыздардың сөзін бөліп, қосымша сұрақтар қойғаны сынға алды. Пікір білдірушілердің айтуынша, сахнада онсыз да қобалжып тұрған аруларға мұндай әрекет ойын жинақтап, еркін жауап беруіне кедергі келтірген.
“Асылым, жаным” деп, басқа қыздарға дөрекі сөйлеп, сұрақтарын қайталамай қойып, әр сөзіне араласып, дұрыс жауап беріп тұрған қыздарға қосымша сұрақ қойып, уақытын алды. Мүлде дұрыс емес. Жүргізуші таңдаудан қате кетіпті”, – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Тағы бір қолданушы көпшілік алдында жүрген адамның әдеп пен сыйластықты сақтауы маңызды екенін атап өтті.
“Қыздар бұл байқауға өздерін, өнері мен қабілеттерін көрсету үшін келді. Олар біреудің сөйлеу мәнерінен ыңғайсыз жағдайға түспеуі керек. Танымалдық пен тәжірибе қарапайым құрметті ұмытуға себеп болмауға тиіс”, – деп пікір білдірді ол.
“Аша Матай неге ақылды болып көрінуге тырысып тұр? Онсыз да қобалжып тұрған қызға керісінше қолдау көрсету керек емес пе?” – деп жазды желідегілер.
Таяу Шығыс туралы сұрақ та талқыға түсті
Байқау барысында Аша Матай қатысушылардың біріне Таяу Шығыстағы тоқтаусыз жалғасып жатқан қақтығыс туралы сұрақ қойған. Желіде тараған видеода бойжеткен сауалдың мәнін толық түсінбегенін айтып, тосылып қалған.
Бұл жағдай да әлеуметтік желіде түрлі пікір туғызды. Бірқатар қолданушы сұлулық байқауында күрделі халықаралық саяси мәселелерді қозғау қаншалықты орынды екенін талқыласа, енді бірі қатысушыға қойылған сұрақтың күтпеген жерден берілгеніне назар аударды.
Желіде “Жауабы қағазда дайын тұрса, мен де білер едім”, “Аша, сен қатысушы емессің ғой” деген сарындағы пікірлер де тарады.
Айта кетейік, биылғы “Қазақ аруы – 2026” байқауында бас жүлдені Алматыдан қатысқан 20 жастағы Асылым Өтепберген жеңіп алды. Ол көрермендердің 17 164 дауысын жинаған. Жеңімпазға дизайнер Аида Кауменованың авторлық шапаны мен шетелге саяхат жолдамасы табысталды.
Байқауды продюсер Баян Алагөзоваға тиесілі BM Production орталығы ұйымдастырды.



