Астанада «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды
Елордада «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауы мәресіне жетіп, марапаттау рәсімі өтті. Адал еңбегімен және ұрпақ тәрбиесіндегі өнегесімен көпке үлгі болған Қазақстанның әр өңірінен 20 отбасы жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Tiek.kz.
«Әділетті қоғамның негізі отбасынан қаланады»
Салтанатты жиынға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, Құрылтай, Қазақстан Халық Кеңесі, Аналар кеңесі мен Әкелер одағының өкілдері қатысты.
Жеңімпаздарды ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев құттықтап, мемлекеттің дамуындағы отбасының айрықша рөліне тоқталды. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында айтылған адам капиталын дамыту және саналы ұрпақ тәрбиелеу бағыттарын еске салды.
«Адалдық пен мейірім, еңбекке құрмет бала бойына ең әуелі отбасында сіңеді. Үлкендердің күнделікті өнегесін көріп өскен ұрпақ сол қасиеттерді өміріне серік етеді. Әділетті қоғамның негізі де осындай тәрбиеден қаланады. Сіздердің еңбектеріңіз бен игі істеріңіз арқылы жас ұрпақ отбасының қадірін, сыйластықтың мәнін, елге қызмет етудің маңызын түсінеді», – деді Арман Қырықбаев.
Кімдер жеңімпаз атанды?
Байқау жеңімпаздарының қатарында көпбалалы және бала асырап алған отбасылар, еңбек пен өнер жолын ұрпақтан ұрпаққа жалғаған әулеттер, сондай-ақ қоғамдық өмірге белсене араласып, туған өңірінің дамуына үлес қосып жүрген жандар бар.
Үздік деп танылған 20 отбасының әрқайсысына арнайы естелік мүсінше мен 2 миллион теңгенің сертификаты табысталды.
Байқау тарихы
«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы 2014 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Жоба адамгершілік құндылықтарды нығайтуға, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлін айшықтауға және отбасындағы дәстүрлерге құрметпен қарауға бағытталған. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, байқау басталғалы бері оған еліміздің барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысқан.



