
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғаннан жеделхат келіп түсті.
Тоқаевтың баспасөз хатшысы Айбек Смадиярдың мәліметінше, Ердоған жеделхатты әуеде, Қазақстан аумағы ұшып бара жатқан кезде жолдаған.
“Корея Республикасына ресми сапармен бағыт алған мен тарихи атамекеніміз – достас әрі бауырлас Қазақстан аумағымен ұшып барамын. Биыл мамыр айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарымның, сондай-ақ Сіздің жақында ғана Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысу үшін Анкараға келген сапарыңыздың табысты нәтижелері мен жылы сәттерін ықыласпен еске алдым. Осы орайда, Сіздің деніңізге саулық, көңіліңізге қуаныш, ал бауырлас Қазақстан халқына бақ-береке тілеген ізгі сәлемімді жолдағым келеді”, – делінген Түркия президентінің жеделхатында.
Тоқаев жеделхатқа Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында жауап берді.
«Режеп Тайип Ердоған мырзаға Анкарада көрсеткен ілтипаты мен қонақжайлығы үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Елдеріміз арасындағы достық пен стратегиялық серіктестік одан әрі беки береді деп сенемін», – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Х әлеуметтік желісіндегі парақшасына.



