«Бір бала жансақтау бөлімінде жатыр»: Ташкентке жарысқа барған қазақ футболшылары уланып қалды

Қарағандыдан Ташкентке футбол жарысына барған 16 бала жаппай ауырып, біреуі жансақтау бөлімінде жатыр. Ата-аналарының айтуынша, балалардың жағдайы қонақүйде таңғы ас ішкеннен кейін нашарлаған.
Желіде блогер Денис Денски балалардың жағдайы туралы тікелей хабарлап отыр. Айтуынша бір бала қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
“Өткен түні зардап шеккен балаларды Ташкенттегі басқа ауруханаға ауыстырған. Ата-аналардың айтуынша, жаңа медициналық мекемеде емделуге қолайлы жағдай жасалған. Қазір науқас балалардың іші қатты өтіп жатыр. Дәрігерлер антибиотикпен емдеуді бастаған. Алайда зертханалық талдау нәтижелері әзірге дайын емес. Сондықтан аурудың нақты себебі ресми түрде анықталған жоқ. Балалардың бірі кеше күндізден бері жансақтау бөлімінде жатыр”, – деп жазды ол.
Қазір ата-аналар балалардың денсаулығына алаңдауда. Олардың айтуынша, қазір 11 бала да тамырға дәрі алып жатыр.
“Қазақстан, бейжай қалмайық! Ташкентте Қарағандыдан жарысқа барған жас футболшылар ауырып қалды. Ата-аналарының айтуынша, қонақүйде таңғы ас ішкеннен кейін 11 баланың іші ауырып, дене қызуы көтерілген. Ата-аналар балаларының денсаулығына алаңдап, көмек пен ресми түсініктеме күтуде. Балалардың ауырып қалуына не себеп болды? Бұған қонақүйдегі тамақтың қатысы бар ма? Қазір балаларды емдеу және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылданып жатыр? Бұл – біздің балаларымыз. Олар Қазақстанның намысын қорғап, ел атынан жарысқа қатысу үшін барған. Ал қазір өздері біздің қолдауымызға мұқтаж”, – деп жазды ол.
Ол өзге елге барып осындай жағдайға тап болған балалардың ата-аналарын жалғыз қалдырмау керек екенін айтып, тиісті органдардан көмек сұрады.
Кейін уланған балалар саны 16-ға жеткені хабарланды. Ата-аналар таңғы ас кезінде жұмыртқа жемеген сегіз футболшының ауырмағанына да назар аударған. Осыған байланысты олар балалардың жаппай ауырып қалуына тағамнан улану себеп болуы мүмкін деп болжам жасауда.
Дерек көз: Stan.kz


