Қоғам

«Жұмыссыз жатқаныма 123 күн болды»: Экс-депутат Самат Нұртаза жағдайын айтып, пост жариялады

123 күнде көп зат өзгерді, көп пенденің беті де ашылды

Мәжілістің бұрынғы депутаты Самат Нұртаза Facebook парақшасында 123 күннен бері жұмыссыз жүргенін айтып, жазба жариялады, деп хабарлады tiek.kz.

Айтуынша, депутаттықтан кеткеннен кейін кейбір адамдар да теріс айналған.

«Жұмыссыз жатқаныма 123 күн болды. Бұрын батарейкасы тез отыратын смартфоным, қазір ләм-мим тыныш, 2 күнге қуаттылығы жетіп жатыр. Һәм адами кейіп сақтап қалған 7-8 адамнан басқа ешкім хабарласпайды. Өзім звандасам, трубканы көтеретін әріптестер мен шенеуніктер телефон көтермейтін болды.
Қызық бір жағынан. Солай болатынын да білгем. Бірақ “кім өзгерсе де, дәл осы адам өзгермейд-ау” деген адамдар өзгеріп кеткеніне куә болып отырмын. “Сэм, братан!”, “В любое время, Сәке!”, “Всегда на связи, Самат Русланович!” деп қорқорға шақыратын вице-министрлер ләм-мим ғайып болды», — деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.
Сондай-ақ ол мұндай жайттың  барлық депутаттардың да басынан өтуі мүмкін екенін айтады. Тек оны олар әзір білмей отыр.
«Ең қызығы, бұл құбылыс, қазіргі Құрылтайдың 145 депутатының басынан өтетін жәйт. Тек оны олар әзір білмей отыр. Орныңнан кеттің, депутат болдың. Ал депутаттықтан кейін қайтайын десең, орныңда адам отыр. Тупик.
Бұйырса, жұмысқа шығамын ғой. Бас аман болсын. Елдің алды болмасам да, соры емеспін, екі қолға бір күрек табылар. Бірақ бұл 123 күн жақсы өмірлік сабақ болды. Жұмыссыз жатқан бұрыңғы әріптестерім де (Айгүл Құспан апайымыз, Ермұрат аға, Нартай, Айтуар, Анас, Болат, Таңсауле, Ислам , Ерлан, Дүйсенбай аға, Еділ аға, Самат аға, Нұртай-аға, Мурат аға, Дархан аға, Әлішер, Бақытжан, Абзал), лайк қоймаса да, іштей осы постқа риза шығар деп ойлаймын. Олар да осы 123 күнде тура менің кейпімді кешіп отырғандарына 123% сенімдімін. Бәрі іштерінде жатыр ғой.
Жалпы шенеуніктердің лауазымға кенедей жабысып, кеткісі келмей, қызметте өлердей қалуға тырысатын себебін түсіндім. Лауазым — ол, көпшілік ойлайтын, нақты бір ақша, билік, кабинет емес екен. “Лауазым” — “социумға керектігің”, нақты өз шегелеген орның екен. Адам сол өз орнын жоғалтып алмау үшін психологиялық майданда күресетін сияқты. Сол қоғамға керек болғанын сезіну — шенеуніктің басты допингі. Мемлекеттік қызметте болмаған адам — бұл құбылысты түсіне алмайды.
“Қызмет қолдың кірі” дейді қауым, бірақ сол кірлей алмай, тап-таза Нұр-Таза болған 123 күнде көп зат өзгерді, көп пенденің беті де ашылды. Өзгермей, аман-сәлем түзу болып қалғандар да жоқ емес. Максим, Олжас бауырлар ылғи байланыста. Ондай жандарды ұмыту мүмкін емес. Алла тағала оларға риза болсын.
Тоқ етері, Қазақстанның реализмінде билікке пайдалы, қажет, ерекше керек болуың керек немесе жеке кәсіпке кету керек. Бұл өмірде басқа вариант жоқ сияқты. Бұйырғанын көрерміз …», — деп атап өткен экс-депутат.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button