Сөзден гөрі нақты іс-әрекетті құп көретін адаммын — «Өзбекәлі» жобасының жетекшісі
Тарихи тұлғаның туыстары жазған сынға шығармашылық ұжым өкілдері жауап берді
Бұған дейін Tiek.kz редакциясына Өзбекәлі Жәнібековтың жақындары хабарласып «Өзбекәлі» спектаклі тұлға деңгейіне сай емес» — деген ашық хатын жолдаған болатын. Бұл хатқа байланысты жоба жетекшісі Қайрат Кенжебекұлы өз пікірін жолдады. Сол қалпында жариялауды жөн санадық.
Құрметті редакция,
Құрметті Айғаным Серім ханым!
«Өзбекәлі» спектакліне қатысты жарияланған пікірге байланысты ресми түрде өз ұстанымымды білдіруді жөн санаймын.
Ең алдымен, 2025 жылғы гастрольдік тур туралы нақтылап өткім келеді. Қойылым республика деңгейінде ұйымдастырылды. Тараз қаласы мен Павлодар қаласынан өзге Қазақстанның барлық өңірлерінде көрсетілді. Бұл жоба ешқандай демеушілердің қатысуынсыз жүзеге асырылды. Жобаның жетекшісі де, идея авторы да – өзіммін. Барлық қаржылық шығын жеке қаражатым есебінен көтерілді. Бірқатар облыстардың мәдениет басқармалары ұйымдастырушылық қолдау көрсетті (жекелеген қалаларды қоспағанда), алайда жоба коммерциялық немесе гранттық негізде жүзеге асқан жоқ.
Спектакльдің тарихи мазмұнына қатысты айтылған «бұрмалау» туралы пікірмен келіспейміз. Қойылым драматургиялық тұрғыдан Тағдыр тағылымы еңбегіне сүйене отырып жасалды. Сонымен қатар, бұл – деректі фильм немесе архивтік хроника емес, театр сахнасына арналған көркем шығарма. Театр өнерінің табиғаты тарихи материалды көркемдік интерпретация арқылы жеткізуді талап етеді. Әлемдік драматургия тәжірибесінде сахналық әсерді күшейту үшін қосымша эпизодтардың қолданылуы қалыпты шығармашылық тәсіл болып саналады. Бұл тарихи тұлғаның беделіне нұқсан келтіру емес, оның дәуірлік күресін, ішкі қайшылығын, адамдық болмысын сахналық тілмен ашуға бағытталған шешім.
Біз Өзбекәлі Жәнібеков тұлғасының тарихи рөлін төмендету немесе бұрмалау мақсатын ешқашан көздеген емеспіз. Керісінше, басты мақсат – оның еңбегін кең аудиторияға, әсіресе жастарға насихаттау.
Қойылымның көркемдік және кәсіби деңгейіне қатысты сындарға келсек, кемшіліктер жоқ деп айтпаймыз. Кез келген жаңа шығармашылық жоба уақыт өте жетіледі. Театр – үнемі ізденісті, тәжірибені және сахналық шыңдалуды талап ететін өнер. Айтылған орынды ескертулер бойынша жұмыс жүргізіледі және алдағы көрсетілімдерде жетілдіру жалғасады.
Актерлік құрамға қатысты пікірлерді түсінеміз. Дегенмен, Өзбекәлі Жәнібеков – ауқымы аса кең, тарихи салмағы зор тұлға. Мұндай қайраткердің бейнесін толық әрі мінсіз деңгейде ашу – күрделі шығармашылық міндет. Бұл бағыттағы ізденіс жалғасады.
Сахна безендірілуі мен декорацияларға қатысты сынмен ішінара келісеміз. Қойылым стационарлық театр үшін емес, республика көлеміндегі гастрольдік форматқа бейімделіп жасалды. Басты мақсат – қойылымды тек ірі мәдени орталықтарда ғана емес, бүкіл ел аумағында көрсету болды. Сол себепті реквизиттер мен сахналық шешімдер тасымалдауға қолайлы форматта ұйымдастырылды. Егер жоба бір қалада тұрақты қойылым ретінде жүзеге асқанда, көркемдік шешім мүлде басқа деңгейде болар еді.
«Қойылым тұлға ауқымына сай емес» деген пікірге қатысты айтарым: мен сөзден гөрі нақты іс-әрекетті құп көретін адаммын. Бұл жоба – нақты әрекет. Жүргізілген талдаулар мен көрермендерден түскен хаттарға сәйкес, көптеген азаматтар Өзбекәлі Жәнібеков туралы терең мағлұматты алғаш рет осы қойылым арқылы алғанын білдірді. Жастардың өз тарихына қызығушылығы артқаны байқалды. Бұл – біздің ең басты нәтижеміз.
Тағы бір маңызды жайтқа тоқтала кетуді жөн көремін. «Тағдыр тағылымы» және «Өзбекәлі және мәдени майдан» еңбектерін оқыған көзі қарақты, пайымы терең оқырманға белгілі дерек – Айғаным Серім ханымның әкесі Абан мен Өзбекәлі екеуі де Серімнің тәрбиесін көрген. Серім – Өзбекәлінің өгей әкесі болған. [ Тағдыр тағылымы; 25-26 бб. — Өзбекәлі Жәнібек. Алматы-2024. “Отбасы” баспа үйі]. Алайда бұл мәселені қозғаудағы мақсатымыз ешкімді қаралау немесе қандай да бір тұлғаның абыройына көлеңке түсіру емес. Керісінше, біз бала жасында жетім қалып, соған қарамастан өмірдің талай сынағынан өтіп, ел мүддесіне адал қызмет еткен Өзбекәлі Жәнібековтің азаматтық болмысын, қайсарлығын және рухани биіктігін көрсетуге ұмтылдық.
Жобаның түпкі мұраты – тарихи тұлғаны насихаттау. Ол – біреуді жамандау, ағайын арасына жік салу немесе арзан дауға жол беру емес. Мұндай ниет те, ондай мақсатқа жұмсайтын артық қаржы да менде жоқ. Бар болғаны – ұлт руханиятына еңбек сіңірген қайраткердің еңбегін әділ әрі көркем түрде танытуға деген азаматтық ұстаным.Біздің мақсат – мінсіздік туралы декларация жасау емес, ұлттық сананы жаңғыртуға үлес қосу. Кәсіби сарапшылардың конструктивті ұсыныстарына әрдайым ашықпыз. Алайда тарихи тұлғаны кең көлемде насихаттауға бағытталған еңбекті тұтастай жоққа шығару әділетті деп санамаймыз.
Өзбекәлі Жәнібеков сынды ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген қайраткерді халыққа кеңінен таныту – ортақ парыз. Осы жылы Өзбекәлі Жәнібектің 95-жылдық мерейтойы қарсаңында, сондай-ақ халықтан келген толассыз хаттардың, сұраныстың болуына байланысты 2026 жылдың наурыз-сәуір айында гсатрольдік сапар жоспарлануда. Осы бағыттағы жұмыс жалғасады. Кемшіліктер түзетіледі. Қойылым жетілдіріледі. Бірақ басты мақсат өзгермейді.
Құрметпен,
Қайрат Кенжебекұлы
«Өзбекәлі» жобасының жетекшісі



