Мәжіліс Елнұр Бейсенбаевтың депутаттық өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатты
Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың өкілеті мерзімінен бұрын тоқтатылды
Төменгі палата мүшелері бұл шешімді бірауыздан қолдап дауыс берді. Мәселені дауысқа шығарған Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов әзілмен: «Дұрыс дауыс беріңіздер», – деп атап өтті.
Бейсенбаевтың мәжілістен кетуіне оның басқа лауазымға ауысуы себеп болды. 9 ақпанда Президент жарлығымен ол Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалған еді.
«Конституция – болашақтың іргетасы»
Қоштасу сөзінде Елнұр Бейсенбаев әріптестеріне алғыс айтып, Мәжілістегі жұмыстың маңызды кезең болғанын жеткізді. Ол әсіресе жаңа Конституция жобасын әзірлеуге қатысуды ерекше атап өтті.
«Осы ретте іргелі бастамада елді ұйыстыратын ата заңымыздың жаңа нұсқасындағы сіздердің еңбектеріңізді біз жақсы білеміз. Комиссияның әрбір бесінші мүшесі, ата заңды жаңартудағы, ол — осы мәжіліс депутаттарынан жасақталды. Сондықтан да бұл сіздердің де еңбектеріңіз. Барлығыңызға шынайы алғысымды білдіремін», – деді ол.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов экс-депутаттың белсенді жұмысын жоғары бағалап, алғыс хат табыстады.
«Мәжіліс қабырғасында бірлесіп жұмыс атқарғаныңыз үшін сізге депутаттар корпусы атынан, әріптестеріңіздің атынан шын жүректен алғыс айтқым келеді. Сіздің жетекшілігіңізбен Amanat партиясы өте тиімді жұмыс істеді. Өзіңіз де көптеген заңдарға басшылық жасадыңыз. Халықты толғандырып жүрген ең өзекті деген мәселелерді шешуге ат салыстыңыз. Әсіресе мемлекет басшысының реформаларын іске асыруда қосқан үлесіңіз өте зор. Сондықтан сізді жаңа қызметке тағайындалуыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Осы жауапты қызметте хабарласыңыз», – деді Қошанов.
Еске салайық, Елнұр Бейсенбаев Мәжілістің VIII шақырылымына Amanat партиясының тізімі бойынша 2023 жылдың 28 наурызында сайланған болатын.



