Қоғам

«Әкем қайтқан соң, әжем үйден қуып шықты»: Павлодарлық жасөспірім елден көмек сұрады

Павлодарлық жасөспірім әлеуметтік желіде әкесі қайтыс болғаннан кейін анасы екеуі үйден шығарылғанын айтып, көмек сұрады, деп хабарлайды Ozgeris.info. 

Жасөспірімнің сөзінше, ол анасымен және әкесімен бірге тұрған. Әкесі жақында көлге батып, қайтыс болған. Қырқына жетпей жатып, әкесінің анасы мен туыстары анасы екеуін үйден қуып шыққанын айтады.

«Мен әкемнің жалғыз ұрпағымын, басқа баласы жоқ. Неге біз көшеде қаңғып жүруіміз керек? Анам әлі күнге дейін әкемді жоқтап, жылап жүр», – дейді ол.

Жасөспірімнің айтуынша, олар үйде жоқ кезде туыстары баса-көктеп кіріп, әкесінің сағаттарын алып кеткен әрі есіктің құлпын ауыстырған. Анасы екеуін үйге кіргізбеген соң, олар 102 нөміріне хабарласып, тек киімдерін ғана алып шыққан.

Жасөспірім жазбасында Павлодар облыстық полиция департаментін белгілеген. Полицияның бұл жағдайға қатысты ресми түсініктемесі жарияланбаған.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button