Заң үстемдігі
Тренд

«Адам ұрлаған»: Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі қамауға алынды

Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі Жансейіт Қайнарбаев ұсталды деген ақпарат рас болып шықты.

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл ақпаратты растап,  Жансейіт Қайнарбаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатқанын хабарлады.

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды», – делінген ҰҚК-нің ресми жауабында.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Қайнарбаевтың ұсталғаны және оның адам ұрлау ісіне қатысы болуы мүмкін екені туралы ақпарат тараған еді. Алайда ведомствоның ресми жауабында адам ұрлығына қатысты қылмысқа қатысты мәліметтер нақтыланбаған.

Koza4kov_BOT Telegram-арнасының мәліметінше, Жаңаөзеннің бұрынғы әкімі Жансейіт Қайнарбаев кеше ұсталған. Онымен бірге бұл іс бойынша Самбо федерациясының бірінші вице-президенті Манарбек Бисекенов те өтіп жатыр. Қылмыстық іс «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының адам ұрлауы» бабы бойынша тергеліп жатыр.

“Дереккөздің мәліметінше, кеше Ақтауда Жансейіт Қайнарбаев таныстарының бірімен кездескен. Кездесу барысында ер адам кетпек болғанымен, оны жібермей, «Lexus 600» көлігінде күштеп ұстап отырған. Дереккөздің болжамынша, Қайнарбаевқа бұл әрекетте Самбо федерациясының бірінші вице-президенті Манарбек Бисекенов пен оның адамдары көмектескен. Кейін олар ер адамды қала сыртына алып кетуге тырысқан. Алайда жолда сегіз адамнан тұратын топты ҰҚК-нің Маңғыстау облысы бойынша департаменті қызметкерлері ұстаған. Осы оқиғадан кейін Қайнарбаев пен Бисекенов те ұсталғаны хабарланды”, – делінген таралған ақпаратта.

Жансейіт Қайнарбаев 2024 жылғы ақпаннан 2026 жылғы қыркүйекке дейін Жаңаөзен қаласының әкімі болды. Кейін Маңғыстау облысы Қарақия ауданының әкімі қызметіне тағайындалды.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button