Тоқаев: Мал шаруашылығында жүйе жоқ – жаңа кооперация моделі қажет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстандағы мал шаруашылығының жағдайын қатаң сынға алып, саланы түбегейлі реформалау қажеттігін айтты
Президенттің сөзінше, елде бұл бағытты дамытуға зор әлеует бар, алайда ол тиімді пайдаланылмай отыр.
«Елімізде мал шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік бар. Бірақ біз осы әлеуетімізді дұрыс пайдаланбай отырмыз. Мал шаруашылығының даму стратегиясы да, қарқыны да мардымсыз, түсініксіз, кешенді жүйе жоқ», – деді Тоқаев.
Президент келтірген деректерге сәйкес, Қазақстанда еттің 60 пайызы, сүттің 80 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарында өндіріледі. Бұл өнімділікті арттыруға кедергі келтіріп, саланың технологиялық дамуын тежеп отыр.
«Жем-шөп қорын даярлаудан бастап, өнімді өңдеу, жеткізу, сату үдерісі біртұтас жүйе ретінде жолға қойылмаған. Басқаша айтсақ, осының бәрін басқарудың бірыңғай жүйесі жоқ. Өкінішке қарай, 2026 жылы осындай мәселелер туралы айтуға мәжбүр болып отырмыз», – деді Мемлекет басшысы.
Кооперация – басты шешім
Тоқаев шағын шаруашылықтарды біріктіріп, кооперация моделін енгізуді негізгі бағыт ретінде атады. Үлгі ретінде Нидерланды тәжірибесін келтірді.
«Онда шаруалар кооперациясының нақты әрі бірізді жүйесі бар. Соның арқасында олар құны 130 миллиард доллар болатын ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттап отыр», – деді Президент.
Осыған байланысты Үкіметке 1 қыркүйекке дейін «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» жаңа заң әзірлеу тапсырылды. Биыл қабылданған Мал шаруашылығын дамыту жоспары да саланы жүйелеуге бағытталуға тиіс.
Субсидия мен ветеринариядағы көлеңкелі тұстар
Мемлекет басшысы шаруаларды қолдау жүйесінің ашық еместігін де сынға алды.
«Қазір бұл жүйенің күмәнді, көлеңкелі тұстары көп. Үкімет жыл соңына дейін ақпараттық жүйелерді кіріктіру жұмысын аяқтауға тиіс. Бұл субсидиялау үдерісін цифрландырып, шаруалардың міндеттемелерін бақылауға мүмкіндік береді», – деді ол.
Ветеринария саласындағы жағдай да алаңдатарлық. Елдегі 168 зертхананың небәрі 27-сі ғана халықаралық стандартқа сай. Соңғы үш жылда малға екпе салынды деген 30 мың жалған құжат тіркелген.
«Бұл саланы біржола тәртіпке келтіру қажет. Үкімет ветеринария саласын дамытудың кешенді бағдарламасын үш айдың ішінде қабылдауға тиіс», – деп нақты тапсырма берді Президент.
Импортқа тәуелділік пен баға саясаты
Тоқаев ауыл шаруашылығы шикізатын терең өңдеудің әлсіздігін де атап өтті. Соның салдарынан Қазақстан әлі де азық-түлік импортына тәуелді.
«Агроөнеркәсіп кешенін қолдау шаралары жалпы өнімді арттыруға ғана бағытталып отыр. Соның кесірінен баға өсуде. Атқарушы билік нарықты дамытудың орнына әкімшілік шектеулерге жиі жүгінеді. Мұндай әрекетті тоқтату керек», – деді Мемлекет басшысы.
Үкіметке бизнес қауымдастығымен бірлесіп, тамақ өнеркәсібін дамытуға бағытталған жүйелі шаралар қабылдау тапсырылды.
Президенттің бұл мәлімдемелері ауыл шаруашылығында түбегейлі өзгерістердің басталатынын аңғартады. Кооперация, цифрландыру және ветеринариялық бақылауды күшейту алдағы реформалардың өзегіне айналмақ.



