Екібастұздық тұрғын Путиннен Қазақстанға әскер кіргізуді сұрады
Владимир Владимирович, Қазақстанға да әскер кіргізуіңізді сұраймын. Әрбір қазақ өзінің қожайыны кім екенін, орыс халқының кім екенін түсініп, біліп жүрсін.

Павлодар облысының тұрғыны әлеуметтік желіге бейнеролик жариялады. Өз сөзінде ол Ресей президенті Владимир Путиннен көмек сұрап, Қазақстанға да соғыс ашуын сұраған.
Бұл ретте ол қазақтар өз «қожайынын» білуі керек деп мәлімдеп, қазақ халқына қатысты балағат сөздер айтады. Заңгер Мейірман Шекеев құқық қорғау органдарынан әйелдің сөздерін ұлттық алауыздық пен сепаратизмді қоздыру белгілеріне тексеруді талап етті. Ал бейнероликте ол өзін Ольга Мұхамеджанова деп таныстырды.
“Владимир Владимирович, Қазақстанға да әскер кіргізуіңізді сұраймын. Әрбір қазақ өзінің қожайыны кім екенін, орыс халқының кім екенін түсініп, біліп жүрсін”, – дейді автор.
Бұдан кейін әйел Ресей Қазақстанның өзі «ежелден орыстарға тиесілі» деп санайтын қалаларын қайтарып алады деп мәлімдейді.
“Мен орыс адамымын. Қазақстандағы қазақтардың өз пікірін білдіруге құқығы жоқ екенін мәлімдеймін”, – дейді ол.
Сөзінің соңында әйел өзімен пікірлес ресейліктерді видеоға лайк басуға шақырып, қазақ халқына қатысты былапыт сөздер айтады.
Ұлттық қауіпсіздік қызметі мен прокуратураға шағым
Заңгер Мейірман Шекеев осы бейнероликті өзінің парақшасына шығарды. Өз жазбасында ол Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Ішкі істер министрлігіне, бас прокуратураға және Павлодар облысының департаментіне осы оқиға бойынша тергеу амалдарын жүргізуді сұрады.
Атап айтқанда, ол бейнежазбадағы сөздерден Қазақстан Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша қылмыс белгілерінің бар-жоғын тексеруді ұсынды:
- ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы – әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру.
- ҚР Қылмыстық кодексінің 180-бабы – сепаратистік әрекет.
Құқық бұзушылық белгілерін анықтау үшін заңгер филологиялық және лингвистикалық сараптама тағайындауды ұсынды. Ол елдегі қоғамдық келісім мен тыныштыққа қауіп төндіруі мүмкін мәлімдемелерге тиісті құқықтық баға берілуі керек екенін атап өтті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Stan.kz



