Экономика
Тренд

Байларға салынатын салық мөлшерлемесі өсуі мүмкін

Президент Үкіметке кәсіпкерлерге түсетін артық жүктемені азайтып,  салық кодексіне өзгерістер енгізуді тапсырды.

Үкімет бизнес ұсыныстарын ескеріп, түзетулер әзірлеуі тиіс. Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа кодекс салық жүйесін кешенді жаңартуға негіз болғанымен, оны қолдану барысында кәсіпкерлер бірқатар қиындыққа тап келіп отыр. Сондықтан заңдағы қайшылықтарды жойып, нормалардың әртүрлі түсіндірілуіне жол бермеу және бизнеске түсетін артық жүктемені азайту қажет.

Президент салық жүйесі кәсіпкерліктің дамуына, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға кедергі болмауы тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты Үкімет бизнес өкілдерінің ұсыныстарын ескеріп, заңнамаға нысаналы өзгерістер пакетін дайындауы керек. Тоқаев түзетулер мұқият пысықталып, кәсіпкерлер үшін жұмыс істеу ережелері қайта-қайта өзгермеуі қажет екенін айтты.

Президент сондайа-ақ, ірі байлық иелеріне жоғары салық енгізуді талқылауды ұсынды.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл бастама заңды жолмен алынған мүлік пен активтерге шектеу қоюды көздемейді. Салық салуда әділдік қағидатын күшейту қажеттілігінен туындап отыр.

Президент әр азаматтың ел дамуына қосатын үлесі оның қаржылық мүмкіндігіне сай болуы керек деп санайды. Үкімет пен Құрылтайға осы мәселені жан-жақты зерттеп, нақты ұсыныстар енгізу міндеті жүктелді.

Сонымен қатар салық жүйесін толық цифрландыру қажеттігі айтылды. Тоқаев салық түсімдерін арттыру, көлеңкелі экономиканы қысқарту және жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін жасанды интеллект пен озық технологияларды кеңінен пайдалануды ұсынды.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button