Саясат
Тренд

Ауыл-аймақтарды дамыту мәселесін әрдайым ерекше бақылауда ұстаймыз – Президент

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында Үкіметке ауыл-аймақтарды дамыту мәселесін әрдайым ерекше бақылауға алу міндетін қойды.

«Біз ауыл-аймақтарды дамыту мәселесін әрдайым ерекше бақылауда ұстаймыз. Ауылдағы тұрғындардың лайықты өмір сүруі үшін барынша жағдай жасап отырмыз.

Алайда, қазір экономика, білім мен технологияның тірегі де, таланттарды шыңдайтын да негізгі қалалар екенін атап өткен жөн.

Сайып келгенде, қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды. Сондықтан әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен нақты орта және ұзақ мерзімдегі даму жоспары болуға тиіс.

Сонымен қатар қала ресурсын тиімді басқару үшін Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын көп ұзамай әзірлеуге тиіс.

Қалалардың қауіпсіз, жайлы, көрікті болуына басымдық, яғни приоритет ретінде қарай отырып, бұл істі аса маңызды мемлекеттік міндет деп қабылдау керек. Бұл – «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасына толық сай келетін талап.

Егер қала қарқынды дамитын болса, сол өңірдің экономикасы да өркендейді, адами әлеуеті де артады», — деді Президент.

Сондай-ақ ол Қазақстандағы әрбір ірі қаланың нақты даму жоспары болуы керек екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының айтуынша, қалалар экономика, білім және технологияның негізгі орталығына айналған. Сондықтан олардың дамуы тұтас өңірдің өркендеуіне ықпал етеді. Президент әрбір ірі қаланың Үкімет бекіткен орта және ұзақ мерзімді даму жоспары болуы қажеттігін айтты. Сонымен қатар Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, қала инфрақұрылымының цифрлық сыңарын қысқа мерзімде әзірлеуге тиіс. Бұл қалалық ресурстарды тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Тоқаев қалалардың қауіпсіз, жайлы әрі көрікті болуын қамтамасыз етуді маңызды мемлекеттік міндет деп атады. Оның сөзінше, бұл талап «Таза Қазақстан» жалпыұлттық тұжырымдамасына толық сәйкес келеді.

Осы жоба аясында өңірлерінде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады. Президенттің айтуынша, жаңа нысандардың қатарында перзентханалар, ауруханалар, жедел жәрдем станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше қажеттілігі бар балаларға бейімделген спорт залдары бар.

Бұдан бөлек, елімізде 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысы басталады. Мемлекет басшысы бұл нысандарды қысқа мерзімде салып, пайдалануға беру қажеттігін айтты. Жобаларды жүзеге асыруға тәжірибесі мен материалдық-техникалық мүмкіндігі жеткілікті жергілікті шағын және орта бизнес өкілдерін тарту ұсынылды.

Президент құрылыс жұмыстары қатаң бақылауда болатынын ескертті. Сондай-ақ Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы тиіс екенін атап өтті.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button