Қоғам

«Торғай өңірі жеке облыс болуға дайын емес» — Халық кеңесінің мүшесі

Кейбір дерек көздері өз Жолдауында Мемлекет басшысы Торғай облысын құру мәселесін көтеруі мүмкін деп жатыр. 

Халық кеңесінің мүшесі Еркін Әбіл «Торғай облысы құрылуы мүмкін» деген ақпаратқа байланысты пікір білдірді.

Оның пікірінше дәл қазіргі уақытта бұл мүмкін емес.

«Торғай облысын қайта ашу мәселесі көтерілгенде, мен мынаны айтқан болатынмын: кез келген өңір жеке облыс болу үшін ең алдымен экономикалық негізге және жеткілікті халық санына ие болуы тиіс. Қазіргі таңда бюджеттік тәуелділік тұрғысынан алғанда, бұл аймақ өз-өзін толық табыспен қамтамасыз ете алмайды.

Негізінен облысты ашу қажет-ақ, бірақ ол үшін ең алдымен Торғай өңірінің экономикасын көтеріп, халық санын көбейту керек. Менің пайымымша, қазіргі жағдайда бұл өңір әлі жеке облыс болуға дайын емес», — дейді  Халық кеңесінің мүшесі.

Бүгін Құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялайды.

Жолдауда негізінен цифрлық трансформация, инвестиция тарту, өндірісті әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту, су және жер ресурстарын тиімді пайдалану, сондай-ақ адами капиталды дамыту бағыттары қамтылады деп күтіліп отыр.

Сол секілді кейбір дерек көздері өз Жолдауында Мемлекет басшысы Торғай облысын құру мәселесін көтеруі мүмкін деп жатыр.

Қостанай облысын екіге бөлу арқылы орталығы Арқалық қаласы болатын Торғай облысын қайта құрылуы мүмкін деген ақпарат көптен бері айтылып келеді.

Себебі, Тоқаев Торғай аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуы Үкіметтің айрықша назарында болуы керектігін атап өткен болатын. Соңғы жылдары өңірге ерекше назар аударылып келеді: инфрақұрылым жаңарып жатыр, әуежай, әлеуметтік нысандар салынуда.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button