Ұлыбритания ханзадасы Уильям Қазақстанның киік популяциясын қалпына келтірудегі жетістігін жоғары бағалады

Британ тағының мұрагері Уильям ханзада танымал телешоудың бірінде Қазақстанның киік популяциясын қалпына келтірудегі жетістігіне жоғары бағалады, деп хабарлады tiek.kz.
Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі өзінің Instagram-дағы парақшасында BBC арнасындағы Грэм Нортонның The Graham Norton Show бағдарламасынан үзінді жариялады.
Бағдарламада Қазақстандағы киіктер туралы әңгіме қозғалғанда, Уильям ханзада бір кездері жойылып кету қаупі аса жоғары болған жануарлардың саны қазір күрт көбейгенін атап өтті. Оның сөзінше, бұған Қазақстан үкіметінің киікті қорғауға ерекше мән беруі ықпал еткен.
— Бұл киіктер бір кездері жойылып кету қаупі аса жоғары жануарлардың қатарына кірген. Ал қазір олардың саны қайтадан күрт көбейді. Бұған Қазақстан үкіметінің осы жануардың ел үшін де, табиғатты қорғау ісі үшін де қаншалықты маңызды екенін түсініп, оны сақтауға бар күшін салуы себеп болды, — деді ол.
Қазақстандағы киік санының соңғы ресми көрсеткіші 2026 жылғы көктемгі санақта жарияланды. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің Kazinform агенттігіне берген жауабына сәйкес, елдегі киік саны 4 миллион 689 мың басқа жетіп отыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram



