«Белгісіз тұнба ішкен»: Петропавлда үш адам көз жұмды
Естерінен шатасып, туған-туысын танымай қалған.

Петропавлда 75 жастағы зейнеткер арақтан уланып қайтыс болды, деп хабарлады КТК арнасы.
Ол сегіз күн бұрын ішімдік ішкен бойда есінен танып ауруханаға түскен. Сол уақыттан бері беті бері қарамады, дейді дәрігерлер.
Қайғылы оқиға бір апта бұрын болған. Спирттік ішімдік ішкен үш адам бірінен соң бірі ауруханаға ауыр халде жеткізілген. Барлығынан қатты уланудың белгілері байқалған. Тынысы тарылып, құсып, тіпті есінен шатасқан. Науқастар туған-туысын да танымай қалған.
Кейін үшеуінің де қоқыс жәшігінен тауып алған спиртті түнбаны ішкені анықталды. 52 жастағы ер адам ауруханаға түскеннен кейін бірнеше сағаттан соң көз жұмса, ал қасындағы 48 жастағы екінші науқас келесі күні қайтыс болды.
Аман қалған 75 жастағы зейнеткердің өмірін сегіз күн бойы сақтап қалуға дәрігерлер барынша тырысқан. Ол жансақтау бөлімінде жатып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Алайда ақ халаттылар науқасты аман алып қала алмады.
Қазір ер адамдар ішкен алкоголь құтысы сараптамаға жіберілген. Оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр.



