
Бүгін Құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялайды.
28 қазанда түске дейін жылдағы дәстүрге сай Қазақстан халқына Жолдауымды жариялаймын. Қазір осы маңызды құжаттың мәтінімен жұмыс істеп жатырмын, — деп жазған еді Президент Х әлеуметтік желісінде.
Мемлекетіміздің алдында тұрған нақты міндеттер мен жоспарлар жарияланатын алқалы жиынға Құрылтай депутаттары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, Үкіметтің және Халық Кеңесінің мүшелері, қоғам өкілдері мен еңбеккерлер қатысады.
Жолдау сағат 11:00-ден бастап республикалық телеарналардан, сондай-ақ Ақорданың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Жолдауда негізінен цифрлық трансформация, инвестиция тарту, өндірісті әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту, су және жер ресурстарын тиімді пайдалану, сондай-ақ адами капиталды дамыту бағыттары қамтылады деп күтіліп отыр.



