Президенттің айтуынша, Қазақстан жылына шамамен 100 миллион тонна мұнай өндірсе де, оның тек 18 миллион тоннасы ғана отандық зауыттарда өңделеді.
Осының салдарынан елде дизель отыны мен авиациялық керосинге деген импорттық тәуелділік сақталып отыр.
«Біз мұнай өндіруші ел болсақ та, жыл өткен сайын дизель отыны бойынша тапшылық пайда болып жатыр, авиациялық керосин бойынша да импортқа тәуелдіміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өңдеу көлемін 9 млн тоннаға арттыру жоспары
Президент қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Министрлік есебіне сәйкес, бұл қадам жылдық өңдеу көлемін 18,4 миллион тоннадан 27,4 миллион тоннаға дейін, яғни қосымша 9 миллион тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мәселесін жан-жақты есеппен шешу қажеттігін атап өтті.
«Ең алдымен, мұнай өңдеу зауытына шикізат қайдан жеткізілетінін, қандай өнім және қанша көлемде өндіретінін дұрыс есептеу керек. Мұндай ірі жобаны тек мемлекет қаржысына салу өте тиімсіз. Егер жүзеге асса, оған жеке инвестор тарту қажет», – деді Президент.
Мұнай-газ химиясы дербес салаға айналмады
Тоқаев мұнай-газ химиясын дамыту мәселесіне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, қажетті жағдай бола тұра, бұл бағыт әлі күнге дейін жеке сала ретінде толық қалыптаспаған.
«Менің тапсырмаммен полиэтилен, бутадиен, карбамид және басқа да өнімдер шығаратын бірқатар жоба іске қосылды. Үкімет бұл жобаларды уақтылы аяқтауға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Президент ірі жобалардың іске қосылуы арқылы Қазақстан полиэтилен мен полипропиленге деген ішкі сұранысты толық өтей алатынын атап өтті. Алайда өндірілген полимерді терең өңдеу ісі әлі жолға қойылмаған.
«Бұл материалдан автобөлшектер, тамшылап суаруға қажетті құралдар, медициналық жабдықтар, ыдыс-аяқ және басқа да көптеген өнім шығаруға болады», – деді ол.
ШОБ-қа қолдау – бағаны төмендетудің кілті
Мемлекет басшысы полимерді өңдейтін шағын және орта бизнеске нақты қолдау тетіктерін ұсынуды тапсырды.
«Лизингпен құрал-жабдық беру, жеңілдікпен несие ұсыну қажет. Бұл қадам азық-түліктен өзге өнімдердің бағасын төмендетуге зор мүмкіндік береді», – деді Тоқаев.
Президент Үкіметке мұнай өңдеу мен мұнай-газ химиясын дамыту бойынша жүйелі әрі батыл шешімдер қабылдауды міндеттеді. Бұл шаралар елдің отын қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, жаңа өндірістердің ашылуына және импортты азайтуға жол ашады.



