Мәдениет

Мұрат Құсайыновқа «Қазақстанның халық әртісі» атағын беру туралы петиция жарияланды

e-Petition ресми мемлекеттік сайтында аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушы Мұрат Құсайыновқа «Қазақстанның халық әртісі» атағын беру туралы петиция жарияланды, деп хабарлады tiek.kz.

Бір қызығы, тіпті жас өнерпаздар да ие болған бұл атақ Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Мұрат Құсайыновқа әлі күнге дейін берілмеген болып шыққан. Өнер иесі ондаған жыл бойы сахнада өнер көрсетіп, бірқатар мемлекеттік марапатқа ие болғанымен, ешкім елеп-ескеріп, «Қазақстанның халық әртісі» атағына ұсынбаған.

Петиция авторлары мемлекет басшысы мен Мәдениет және ақпарат министрлігіне үндеу жасап, Мұрат Құсайыновты 2027 жылы «Қазақстанның халық әртісі» атағына ұсынуды сұраған.

Дәл осы жылы «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрылғанына 60 жыл толады.

Өтініш авторларының айтуынша, Мұрат Құсайынов ұжымның қалыптасуына тікелей атсалысқан. Ол 1973 жылдан бері ансамбльді басқарып келеді. Осы уақыт ішінде топ бірнеше тарихи кезеңді, Кеңес Одағының ыдырауын және 1990 жылдардағы күрделі кезеңді бастан өткерген.

Петицияда «Дос-Мұқасан» Қазақстандағы рок пен поп-музыканы қазақтың халық әндерімен үйлестірген алғашқы кәсіби вокалды-аспаптық ансамбль ретінде сипатталған.

«Мұрат Құсайынов бұл атаққа қойылатын заң талаптарына толық сәйкес келеді. Алайда министрліктің 2025 жылғы желтоқсандағы жауабына сәйкес, оны марапатқа ұсыну туралы өтініш әлі түспеген. Біз, Қазақстан азаматтары, осы әділетсіздікті түзетуді сұраймыз», – делінген үндеуде.

Қазір петиция қол жинаудың бастапқы кезеңінде. Белгіленген тәртіп бойынша келесі кезеңге өту үшін 11 қарашаға дейін кемінде 50 дауыс жинауы қажет.

Мұрат Құсайынов 1948 жылы 10 тамызда Жамбыл облысында дүниеге келген. 1967 жылы ол Досым Сүлейев, Кәмит Санбаев және Александр Литвиновпен бірге «Дос-Мұқасан» ансамблін құрған.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button