Саясат
Тренд

Тоқаев: Жаңа Конституция – мемлекетті басқарудың жаңа жүйесіне қадам

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссия отырысында елде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың мәні мен жаңа Конституция жобасының негізгі мазмұны туралы жан-жақты мәлімдеме жасады

Президенттің айтуынша, Қазақстан өтпелі кезеңге аяқ басып, ел тағдырына ықпал ететін ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып келеді.

Конституциялық комиссия – бұрын болмаған ауқымды алаң

Тоқаев Қызылордадағы Ұлттық құрылтайда айтылған бастамалардың жалғасы ретінде Конституцияға қатысты пікірталас жарты жылдан бері жалғасқанын еске салды. Осы үдерісті жүйелеу үшін 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылған.

«Бұл – ауқымы жағынан да, кәсіби деңгейі тұрғысынан да еліміз үшін теңдесі жоқ комиссия. Осы жолы Комиссия құрамында шетел мамандары жоқ», – деді Президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, былтыр қазан айынан бері азаматтарға өз пікірін білдіруге толық мүмкіндік берілді. eGov және eOtinish платформалары арқылы бірнеше мың ұсыныс келіп түсті.

«Комиссия өтініштің бәрін мұқият қарап, тиісті түзетулерді әзірледі. Жұмыс барынша ашық жүргізілді. Реформалар бұрын-соңды дәл осылай жан-жақты талқыланып көрмеген», – деді Тоқаев.

Неге жаңа Конституция қажет?

Он отырыстан кейін комиссия мүшелері «жекелеген өзгерістер жеткіліксіз, жаңа Конституция қабылдау қажет» деген ортақ байламға келген.

«Бұл құжат мемлекетіміз дамудың сапалық жаңа деңгейіне көтерілгенін көрсетеді», – деді Президент.

Жаңа Ата Заң «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделеді. Соңғы жылдардағы реформалар суперпрезиденттік жүйеден бас тартып, беделді Парламенті бар президенттік республикаға көшу үдерісін бекемдеді.

«Ұсынылған түзетулер билік құзыреттерін қайта бөлуге, тежемелік және тепе-теңдік жүйесін күшейтуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Адам құқығы – басты өзек

Тоқаев жаңа Конституцияның түпкі мақсаты азаматтардың құқықтарын нақты қорғау екенін ерекше айтты.

«Ұсынылып отырған өзгерістердің арқауы – адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Біз оның нақты жолдары көрсетілген біртұтас жүйе қалыптастырамыз», – деді ол.

Осы бағытта бірнеше маңызды норма ұсынылған:

  • Конституцияға адвокатура туралы жеке бап енгізу;

  • Білім беру жүйесіне басымдық беру арқылы мемлекеттің зайырлы сипатын айқындау;

  • «Неке – еркек пен әйелдің ерікті және теңқұқылы одағы» деген тұжырымды бекіту;

  • Табиғатты қорғау мәселелерін Ата Заң деңгейінде күшейту.

Президент тұрғын үй құқығына қатысты да жаңа норма ұсынды:

«Тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға сот шешімінсіз жол берілмейді деп толықтырған жөн», – деді ол.

Ұлттық құндылықтар мен мемлекеттілік негіздері

Жаңа Конституцияда тәуелсіздік, егемендік және аумақтық тұтастық мызғымас құндылық ретінде бекітіледі. Унитарлық құрылым мен басқару нысаны өзгермейтіні нақты жазылады.

«Жаңа жобаны озық, сапалы жазылған мәтін деп атауға толық негіз бар. Онда әлемдік үздік тәжірибе көрініс тапқан», – деді Тоқаев.

Өткен мен болашақ сабақтастығы

Президент қолданыстағы Конституцияның тарихи рөлін жоққа шығармайтынын, оның негізінде ел үлкен жетістіктерге жеткенін айтты.

«Дегенмен еліміз адам танымастай өзгерді. Сондықтан құндылықтарды заман талабына сай жаңғырту айрықша маңызды», – деді Мемлекет басшысы.

Соңғы шешім – халықта

Тоқаев жаңа Конституция жекелеген түзету емес, мемлекеттің негіздерін түбегейлі қайта құру екенін атап өтті.

«Ата Заңымызға қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданады», – деп қорытындылады Президент.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button