«Рөлде әкімнің баласы болған»: 21 жастағы студентті аяғынан айырған оқиғаға қатысты тың дерек шықты

Астана – Павлодар тасжолында 21 жастағы студент Талғат Емелдің екі аяғынан айырылуына әкеп соққан жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қайта тергелетін болды, деп хабарлайдыAlash.kz.
Қайғылы оқиға 2026 жылдың 29 мамырында Астана – Павлодар бағытындағы автожолда орын алған еді. Қозғалыс кезінде көлік металл қоршауға соғылып, бөгет салонын тесіп өткен. Ауыр соққыдан кейін 21 жастағы студент қатты жарақаттанып, дәрігерлер оның екі аяғын да ампутациялауға мәжбүр болды. Апат сәтінде көлікті Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың ұлы басқарғаны хабарланған. Осыдан соң полиция өкілдері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық өндіріс қозғады.
Дегенмен, 16 қыркүйекте бұл қылмыстық істің рақымшылық актісі негізінде тоқтатылғаны белгілі болған еді. Ендігі кезде істі тоқтату туралы қаулының күші толығымен жойылып, материалдар қайтадан сотқа дейінгі тергеу кезеңіне қайтарылды.
Талғаттың анасы Гүлсім бұл шешімді түпкілікті жеңіс деп бағалауға әлі ерте екенін білдірді. Қазіргі таңда зардап шеккен тарап жол апатының барлық мән-жайын жан-жақты әрі әділ анықтап, айыпты тұлғалардың заң шеңберінде жауапқа тартылуын талап етуді жалғастырып жатыр.



