Саясат
Тренд

Сенатор: Жаңа Конституцияны референдум арқылы қабылдау қажет

Парламент Сенаты төрағасының орынбасары Ольга Перепечина Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау мәселесін жалпыхалықтық референдумға шығару жөнінде ұсыныс айтты

Оның пікірінше, Конституция жобасында болашақ Құрылтайдың ішкі құрылымы мен жұмыс тәртібіне айрықша мән берілген. Әсіресе комитеттер мен комиссиялардың қызметін Ата заң деңгейінде бекіту парламенттік жүйені нығайтуға мүмкіндік береді.

Құрылтай комитеттері мен комиссиялары заң жобаларын әзірлеу, сараптамалық қорытынды дайындау және парламенттік бақылау жүргізу ісінде шешуші рөл атқарады. Олардың мәртебесін Конституцияда нақты белгілеу заң шығару процесін ашық әрі сапалы етеді, — деді сенатор.

Депутат бір палаталы парламент моделіне көшуге байланысты комиссиялардың өкілеті де өзгеретінін атап өтті. Конституцияның 59-бабының 1-тармағына сәйкес, Құрылтай тұрақты комитеттер құрады, ал олардың саны мен қызмет бағыты Конституциялық заң арқылы айқындалады. Сонымен бірге 52-баптың 4-тармағында депутаттардың құқықтық мәртебесі мен Құрылтай қызметін ұйымдастыру тәртібі Конституциялық заңмен реттелетіні көрсетілген.

 Жаңа Конституция жобасы өкілдік билікті күшейтуге, азаматтардың мемлекеттік институттарға сенімін арттыруға және кемел парламенттік мәдениет қалыптастыруға бағытталған. Қоғамның Ата заң жобасына қызығушылығы жоғары екенін ескере отырып, оны референдумға шығару туралы ұсынысты қолдаймын. Бұл қадам халық егемендігі қағидатына толық сәйкес келеді, — деді Ольга Перепечина.

Оның айтуынша, референдум арқылы Конституцияны қабылдау ел азаматтарының ортақ жауапкершілігін күшейтіп, парламенттік жүйенің одан әрі дамуына берік негіз қалдырады.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button