Оқиға
Тренд

Атырауда шенеунік өз пәтерінен өлі күйінде табылды

Денесі пәтерде шамамен екі апта жатқан болуы мүмкін.

Атырау облысында Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаментін басқарған Бауыржан Асаиновтың мәйіті табылды.

Ақжайық сайтының хабарлауынша, оның денесі 18 қазанда өзі тұрған пәтерден табылған.

Оның қайтыс болғанын әріптестері де растаған. Олар ведомствоның ресми парақшасында көңіл айту жазбасын жариялады.

Ер адамның денесі пәтерде шамамен екі апта жатқан болуы мүмкін. Осы уақыт аралығында үйге жылу берілген. Бұл мәйіттегі өлімнен кейінгі өзгерістерді жеделдетіп, өлім себебін анықтауды қиындатуы ықтимал.

Мәліметке сәйкес, Бауыржан Асаинов пен оның ағасы арасында жанжал болуы мүмкін. Екеуі бірге ішімдік ішіп, кейін сөзге келген. Болжам бойынша, ағасы Асаиновты ұрып, ол әлі тірі кезде пәтерден кетіп қалған.

Ақпарат жарияланған сәтте марқұмның ағасының қайда екені белгісіз болған. Алайда жанжалдың мән-жайы, оның өлімге қатысы бар-жоғы және өлімнің нақты себебі әзірге ресми түрде расталмаған.

Бауыржан Асаинов 2023 жылы 4 қаңтардан бастап Атырау облысы бойынша әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаментін басқарған. Бұған дейін прокуратурада, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде жұмыс істеген. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ішкі қауіпсіздік басқармасын басқарған.

Айта кетейік, мамыр айында Солтүстік Қазақстан облысында Ақжар ауданына қарасты Май ауылдық округінің әкімі Ерлан Смаилов та өлі күйінде табылған еді. Оның денесін танысы үйінің ауласындағы шаруашылық құрылыстан тапқан. Кейін ауыл әкімінің өзіне қол жұмсағаны туралы ақпарат тарады. Алайда оның мұндай қадамға баруына не себеп болғаны белгісіз.

Облыстық полиция департаменті мемлекеттік қызметкердің қайтыс болғанын растаған. Қазір оқиғаға қатысты тергеу жүріп жатыр.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button