UAE SWAT Challenge: Қазақстан командалары Дубайда көш бастады
Дубай қаласында өтіп жатқан UAE SWAT Challenge халықаралық турнирінің алғашқы күні Қазақстан арнайы мақсаттағы бөлімшелері үшін табысты аяқталды

Әлемнің 48 елінен келген 109 команда қатысқан додада қазақстандық жасақтар бірден көшбасшылар қатарына шықты деп хабарлайды Tiek,kz.
Жарыс кестесінде Kazakhstan C командасы бірінші орынға жайғасты. Екінші орынды Kazakhstan D иеленді. Ал Kazakhstan B төртінші орыннан көрінсе, Kazakhstan A үздік ондыққа енді.
Қазақстан атынан қатысқан Tomiris әйелдер командасы жалпы есепте 20-орын алды. Бұл көрсеткіш турнирге қатысқан әйелдер құрамалары арасындағы ең жоғары нәтиже болды.
Ұлттық құраманың сапында Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Ішкі істер министрлігінің арнайы бөлімшелерінен іріктелген тәжірибелі жауынгерлер бар.
Бес күнге созылатын халықаралық сайыс 11 ақпанда мәресіне жетеді. Турнир барысын ұйымдастырушылар тікелей эфир арқылы көрсетеді.



