Қоғам
Тренд

«Әскери анттың мәтінін өзгерту керек» — Ринат Зайыт

Әскерге министрдің, АП қызметкерлерінің баласы да әскерге баруы тиіс.

Қазақстанда әскери анттың мәтіні өзгеруі мүмкін. Бұл туралы Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың басшысы Ринат Зайыт Adal ADAM YouTube арнасына берген сұхбатында айтты.

Оның сөзінше, әскери анттың қазіргі мәтінінде түсініксіз тіркестер бар. Сондықтан оны қайта қарап, мағынасын нақтылау қажет.

«Әскери анттың алғашқы жолында «Мен Қазақстан Қарулы Күштерінің сапына кіре отырып» деген сөз бар. «Кіре отырып» дегені несі?! Адам түрмеге отырады, басқа жерге отырады. Ал сапқа адам тұратын еді ғой. Осындай түсініксіз сөзден басталған әскери қызмет сол түсініксіздікпен аяқталады. Ал бізде бәрі анық әрі түсінікті болуы керек», — дейді ол.

Әскери анттың мәтінін өзгерту жоспарда бар екенін айтып өтті. Айтуынша, бұл – жаңа Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметовтің алғашқы тапсырмаларының бірі.

«Қазір барлық мәселеге басынан бастап мән беріліп жатыр. Бұл жай ғана косметикалық өзгеріс болмауы керек. Бұл Қарулы Күштеріміздің санасындағы үлкен сілкініс болуы тиіс. Ол үшін бізге Үкіметтің, Құрылтайдың және Халық кеңесінің қолдауы қажет», – деді Ринат Зайыт.

Сондай-ақ ол Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың басшысы қызметіне үлкен мақсатпен келіп отырғанын айтады.

Айтуынша, қазір әскерде тәрбие мен идеология жүйесі ескі кеңестік қалыптан арыла алмай, әбден құлдырап тұр. Салдарынан сарбаздар адам мүсіркейтін халге түскен.

«Көшеде жауынгер көрсек, оған мүсіркеп қараймыз. «Жаулап алды махабат» деп ән айтып келе жатады. Ондай әскерден жау қорқа ма? Әскер деген сенің қорғаның, батырың емес пе? Кезінде батырлардың атын білетін едік. Қазір балалар қазақ жауынгерінің түрі қандай болатынын да білмейді. Олар Маша мен Аюды, Фиксиктерді таниды. Әскердің киім үлгісін өзгерткеннен ештеңе шықпайды, ең бастысы сананы өзгертуіміз керек.

Әскерге министрдің, АП қызметкерлерінің баласы да әскерге баруы тиіс. Мемлекеттік қызметші болғың келе ме, әкім немесе депутат болғың келе ме, онда балаңды әскерге жібер. Осы бағытта жұмыс істеймін деп отырмын.

Уәдем – уәде. Бір жылда, осыдан 12-14 айда нәтиже шығара алмасам, антымды бұзсам қара тас бассын! Нақты есебімді берейін. Егер іске асыра алмасам, бетіме айтыңыздар. Онда мен кешірім сұраймын да, бұдан былай мұндай қызметке өзім де жоламаймын. Мені де жолатпаңыздар деп айтуға ерік-жігерім жетеді», – деді Ринат Зайыт. 

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button