Қоғам
Тренд

Нүсіпқожа сыбайластарына қарсы айғақ беруге дайын. Бокаевтың адвокаттары неге тыпыршып кетті?

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Бокаевтың ісі бойынша өтіп жатқан сот процесінде күтпеген бетбұрыс болды.

Бокаевтың жеке мобилографы Ұлан Нүсіпқожа өз кінәсін толық мойындап, сыбайластарына қарсы айғақ беруге дайын екенін мәлімдеді.

Бұған дейін сотталушы өзіне Бокаевтың өзі жалдаған адвокат Сергей Кимнің қызметінен бас тартқан болатын. Сот отырысының дәл өзінде мобилограф жаңа қорғаушысы Мәди Әуекеновпен бірге қатысты. Сонымен қатар Нүсіпқожа өз таңдауын ешқандай мәжбүрлеусіз, толығымен ерікті түрде жасағанын екі рет атап өтті.

Әуекеновтің ресми мәлімдеуінше, оның қорғауындағы азамат ұрлық, ағаштарды заңсыз кесу және жалған ақпарат тарату жағдайларына қатысты шынайы әрі дәйекті айғақ беруге дайын.

Бұған жауап көп күттірмеді. Бокаевтың қорғау тарапы төрағалық етуші судья Жанат Әбеноваға қарсылық білдіруге тырысты.

Мемлекеттік айыптаушы бұл уәждердің негізсіз екенін егжей-тегжейлі түсіндірді.

«Бірінші уәж – сотталушылардың рет-ретімен отырғызылмағаны. Судья қорғау тарапына өздеріне ыңғайлы жерге отыруды ұсынды. Алайда қорғаушылар бас тартты, – деді прокурор сөзінде. – Екінші уәж – сотталушылардың бірінің өз адвокатынан бас тартуы. Қорғау тарапы мұны судьяға қарсылық білдіруге негіз деп санайды. Алайда бұл – сотталушының өз еркімен қабылдаған шешімі. Үшінші уәж – сотталушыға қысым көрсетілген деген болжам».

 

Еске сала кетейік, Санжар Бокаев 2026 жылдың наурыз айында Алматыда ұсталған болатын. «Нұр Отанның» бұрынғы идеологымен бірге оның жиені Мадияр Қалменов пен жеке мобилографы Ұлан Нүсіпқожа да сот алдында жауап беруде.

Тергеу деректеріне сәйкес, Бокаев мемлекеттің қатысуы бар компанияларда қызмет атқарған кезеңде Қалменов қаражатты заңсыз шығаруға көмектескен. Ал Нүсіпқожа мемлекеттік мүлікті ұрлауды ұйымдастыруға атсалысып, ағаштарды заңсыз кесу әрекетін қоса алғанда, алдын ала ұйымдастырылған осы қылмыстардың барлығын бейнекамераға түсірген.

Қоғам белсендісі Санжар Бокаев өзіне тағылған барлық айыптарды мүлдем мойындамайды. Оның қорғаушылары мен адвокаттары бұл қылмыстық істің саяси астары бар және оның қоғамдық белсенділігімен (соның ішінде утильсборға қарсылығымен және Алматыдағы абаттандыру жұмыстарын сынауымен) тікелей байланысты деп есептейді.

Санжар Бокаев – соңғы жылдары қоғамдық-саяси кеңістікте белсенділігімен танылған тұлғалардың бірі. 2000-жылдары мемлекеттік қызметте еңбек етіп, Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы қызметін атқарған. Кейін қоғамдық қызметке бет бұрды.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button