
Үкімет шекарадан өту ережесін қатаңдатып жатыр. Яғни бұдан былай визасыз кіретін шетелдіктерге, соның ішінде Ресей азаматтарына электронды рұқсат (QazETA) алу міндеттелетін болады.
Дегенмен Ресей тарапына бұл жаңалыққа үрке қарап Астанадан жедел түсініктеме беруді талап еткені белгілі болды. «Ресей мемлекеттің ұлттық көші-қон заңнамасын жетілдіруге деген егемен құқығына құрметпен қарайды. Дегенмен жаңа талаптар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің азаматтарына да қатысты болғандықтан, қолданыстағы халықаралық келісімдерді ескеріп, қазақстандық тараптан қосымша түсіндірме күтеміз», – деп үшбу-хат жолдаған Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова.
Бүгін еліміздің Сыртқы істер министрлігі Ресейге елге кірудің жаңа тәртібі туралы ресми ақпарат жолданғанын хабарлады.
Сыртқы істер министрлігінің өкілі Жанболат Үсеновтің айтуынша, QazETA электрондық рұқсат жүйесі Ресей азаматтарына ғана емес, визасыз қатынайтын 85 елдің бәріне қатысты. Тиісті мәліметтер барлық мемлекетке дипломатиялық арналар арқылы жеткізілген.
Жақын күндері Астанада шетелдік елшіліктерге арналған арнайы түсіндіру жиыны өтеді. Қазақстанда электрондық рұқсат жүйесі 1 қарашадан бастап кезең-кезеңімен енгізіледі. Алдымен ол Ақтау әуежайы мен 4 құрлықтағы өткізу бекетінде, 2027 жылғы қаңтардан Астана мен Алматы әуежайларында іске қосылады.
Наурыздан бастап барлық шекара бекетін қамтиды. 2027 жылғы 1 шілдеге дейін рұқсаттың болмауы елге кіруге кедергі болмайды. Осы күннен кейін рұқсатсыз шекарадан өткізбеуге негіз болады.



