Заманауи әрі ұтқыр армия: Тоқаевтың төрағалығымен Әскери реформа жоспары мақұлданды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Жиында еліміздегі қорғаныс саласын түбегейлі жаңғыртуға бағытталған Әскери реформа жоспарының жобасы мақұлданып, негізгі бағыттары айқындалды, деп хабарлайды Tiek.kz.
Қарулы күштердің сапасы қалай өзгереді?
Президент қысқа мерзімде заманауи, ұтқыр әрі технологиялық тұрғыдан озық армия құрудың айрықша маңызына назар аударды. Тоқаевтың айтуынша, бұл реформа басқару ісін, әскери қызметшілерді даярлауды, кадр саясатын, әскери білім беруді, қорғанысты жоспарлау мен технологиялық жарақтандыруды толық қамтуы тиіс.
«Әскери қызметтің қауіпсіздігіне, әскерге басшылық ету мәдениетіне және мемлекет ресурстарын тиімді пайдалануға айрықша мән беру керек. Армияның қоғаммен қарым-қатынасы да өзгеруге тиіс. Кешенді реформа қажет. Бұл істе толыққанды шешімдер қабылданбайынша, көздеген нәтижеге жету мүмкін емес», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұшқышсыз жүйелер күштері және мерзімді қызметтің жаңа үлгісі
Отырыста Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева халықаралық тәжірибе мен заманауи ұрыс тәсілдерін ескере отырып әзірленген Жоспардың негізгі ережелерін таныстырды.
Құжатта мынадай институционалдық өзгерістер көзделген:
-
Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын қайта қарау;
-
Басқару және қорғанысты жоспарлау тетіктерін жетілдіру;
-
Ұшқышсыз жүйелер күштерін (дрондар әскерін) құру;
-
Мерзімді әскери қызметті екі кезеңнен тұратын жаңа үлгіге көшіру.
Жаңа жүйе бойынша, әскерге шақырылғандар алғашқы 6 айда оқу орталықтарында арнайы даярлықтан өтсе, кейінгі 6 айда тікелей әскери бөлімдерде қызмет етеді. Бұл екінші кезеңде басты назар жауынгерлік даярлыққа және бөлімшелер құрамында міндеттерді орындауға аударылады.
Сарбаздардың қауіпсіздігі мен әскери патриотизм
Реформа аясында әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау үшін Әскери консультанттар мен Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институттары құрылады. Сондай-ақ жарғыға сай келмейтін іс-әрекеттерге (әлімжеттікке) жол бермеу және әскери тәртіпті күшейту шаралары қабылданады.
Бұдан бөлек, «Адал азамат» тұжырымдамасына негізделген «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық даярлық жүйесі дамытылып, мамандандырылған әскери мектептер желісі кеңейтілмек.
Орындалу мерзімі және бақылау
Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов Қарулы Күштерді жаңғырту және жаңа ақпараттық-коммуникациялық стратегияны енгізу жоспары туралы баяндады.
Жоспарда көзделген ұйымдастыру шаралары осы жылдың соңына дейін, ал негізгі тұжырымдамалық өзгерістер келесі жылы іске асырылады. Сонымен бірге Президент Жыл соңына дейін Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексеру комиссиясының жұмысын аяқтауды тапсырды. Жоспардың сапалы әрі уақтылы орындалуын Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесі үйлестіреді.



