Мәдениет
Тренд

«Өзбекәлі» спектаклі тұлға деңгейіне сай емес – туысының ашық хаты

Қайраткердің жақындары қойылымда тарихи мазмұн бұрмаланғанына, актерлердің костюмі сапасыздығына әрі кәсіби шеберлігі төмендігіне сын айтып отыр

Tiek.kz редакциясына осындай өтінішпен Өзбекәлі Жәнібековтің Айғаным Серім деген туысы хабарласты. Келген хатты бір сөзін де өзгертпей жариялап отырмыз:

«Өзбекәлі» спектаклі туралы

2025 жылы елдің бірнеше өңірін қамтыған гастрольдік тур аясында, демеушілердің қолдауымен (демеушілер туралы нақты мәліметтер көрсетілмеген) көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековке арналған алғашқы «Өзбекәлі» спектаклі сахналанды.

Қойылымның сценарийі Ө. Жәнібековтің «Тағдыр тағылымы» кітабы негізінде әзірленген. Сценарий авторы — режиссер Жандос Құсайынов. Қойылым режиссері — Берікхан Төкенов. Қойылым режиссерінің айтуынша, дайындық үдерісі шамамен алты айға созылған, оның ішінде үш ай сценариймен жұмыс жүргізіліп, бір ай ашық кастинг ұйымдастырылған.

2025 жылғы 3–4 желтоқсанда спектакль Шымкент қаласында Ж. Шанин атындағы қалалық академиялық қазақ драма театрында Алматы қаласынан басталып, еліміздің өңірлерін қамтыған гастрольдік турдың қорытынды көрсетілімі болды.

Қойылымның негізгі мақсаты — Өзбекәлі Жәнібековтің өмір жолын, ағартушылық миссиясын және мемлекет алдындағы еңбегін жастар мен қалың көпшілікке насихаттау болғанымен, спектакльде мазмұндық және көркемдік-кәсіби тұрғыда бірқатар елеулі кемшіліктер бар.

1. Қойылым мазмұнының тарихи деректерге сәйкес келмеуі

Спектакльде қайраткердің шынайы өмірбаянын дәл бейнелемейтін және өміріндегі нақты оқиғаларды бұрмалайтын көріністер бар, атап айтқанда:
— қайраткерді шопанның (қойшы) тарапынан ұрып-соғу туралы ойдан шығарылған эпизодтар;
— түрмеге қатысты шындыққа жанаспайтын көріністер;
— жеке және отбасылық өмірдің шамадан тыс драматизациялануы.

«Тағдыр тағылымы» кітабында келтірілген кейбір деректер күрделі тарихи және саяси контекске ие және оларды театрлық интерпретацияның негізіне айналдырмас бұрын жан-жақты зерттеп, ғылыми тұрғыда нақтылау қажет.

2. Қойылымның көркемдік және кәсіби кемшіліктері

Актерлік ойынның төмен кәсіби деңгейі.
Басты кейіпкер мен қосалқы образдар үстірт ашылған, психологиялық тереңдік пен мінез даралығы жеткіліксіз. Актерлер Өзбекәлі Жәнібеков тұлғасының ауқымын жеткізе алмаған.

Режиссерлік жұмыстың жеткіліксіз деңгейі

Режиссерлік тұжырымдама жүйесіз әрі кәсіби тұрғыда қалыптаспаған. Қойылымда тұтас композиция байқалмайды, драматургиялық ырғақ жоқ, көріністер үзік-үзік байланысқан, бұл спектакльді қабылдауды қиындатады.

Костюмдердің сапасыздығы

Қолданылған костюмдер сапасы төмен, тарихи кезеңге де, кейіпкердің әлеуметтік мәртебесіне де сәйкес келмейді.

Сахна безендірілуі мен декорациялардың қанағаттанарлықсыздығы

Декорациялар қарапайым, кей тұстарда ұқыпсыз орындалған, кәсіби театрлық өндіріс талаптарына сай емес. Қойылымның визуалдық шешімі дәуір атмосферасын қалыптастырмайды, драматургиялық желіні қолдамайды және ел мәдениеті тарихында айрықша орны бар тұлғаның деңгейіне сай келмейді.

3. Қойылым деңгейінің Өзбекәлі Жәнібеков тұлғасының ауқымына сай келмеуі

Қысқасы, спектакльдің көркемдік және кәсіби деңгейінің төмендігі ұлттық мәдениетті, музей ісін, этнографияны, реставрацияны және қазақ халқының рухани мұрасын дамытуға орасан үлес қосқан көрнекті тұлғаның мәртебесіне сәйкес келмейтінін атап өткен жөн.

Осыған байланысты:
— қойылымның мазмұнына, режиссурасына, көркемдік шешіміне және кәсіби деңгейіне елеулі түзетулер енгізуді;
— сараптамалық баға беру үшін білікті театр сыншыларын, өнертанушыларды және тарихшыларды тартуды;
— авторлар тарапынан қойылымды жетілдіруден бас тартылған жағдайда, спектакльді одан әрі көрсету мәселесін қарастыру қажет.

Идея авторы: Тәжақын Қайрат Кенжебекұлы
Спектакльдің ұзақтығы: 90 минут

Міне, жалпы қойылым туралы жағдай осы.

Биыл Ө.Жәнібековтың 95 жылдығына 95 еңбегі деп, қараңғы өмірін емес жарқын еңбектерін бейнелейтін эпизодтармен әрлегені әлдеқайда игілікті іс болар еді.

А. Серім

Редакция тарапынан бұл қойылымға жауапты тұлғаларға хабарластық. Олардың жауабын жеке жариялайтын боламыз

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button