Заң үстемдігі
Тренд

«Электрондық қорғаныс аймағы»: Депутат әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғаудың жаңа тәсілін ұсынды

ҚР Құрылтайының депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Айжан Аймағанова Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жолдаған сауалында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін нақты цифрлық тетіктерді іске қосуды талап етті, деп хабарлайды Tiek.kz.

Қайғылы оқиғалар толастар емес

Депутат өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты қатаң тапсырма бергенін (2026 жылғы 16 наурыздағы №1204 Жарлық) еске салды. Соңғы жылдары бұл бағытта жауапкершілік күшейтіліп, маңызды заңдар қабылданғанымен, қайғылы жағдайлар әлі де тыйылар емес.

Тек соңғы айлардың өзінде қоғамды дүр сілкіндірген бірнеше сұмдық оқиға тіркелді:

  • 13 шілдеде Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлова көптеген пышақ жарақатынан қаза тапты.

  • 23 қыркүйекте Астанада екі баланың анасы Жазира Адауованы бұрынғы жұбайы өлтіріп кетті.

«Осы орайда қолданыстағы қорғау тетіктері зорлық-зомбылық болғаннан кейін ғана әрекет етпей, қауіпті алдын ала анықтап, оның жолын кесуге қаншалықты мүмкіндік береді деген маңызды сұрақ туындайды», – деп атап өтті Айжан Аймағанова.

Қымбат жүйенің қажеті жоқ – қолда барды қолдану керек

Депутаттың пікірінше, қауіпті дер кезінде анықтап, адам өмірін сақтап қалуға қажетті құқықтық та, цифрлық та мүмкіндіктер біздің елде жеткілікті. Мұндай тәжірибе Франция сияқты шет мемлекеттерде кеңінен қолданылады. Бұл үшін миллиондаған қаржы бөліп, жаңа ақпараттық жүйе құрудың қажеті жоқ – Қазақстанда профилактикалық есепке алу мен электрондық бақылаудың тетіктері қазірдің өзінде бар. Басты мәселе – оларды тиімді пайдалану.

Ішкі істер министрлігіне қойылған 3 нақты ұсыныс:

Осыған байланысты «Әділет» партиясының фракциясы ІІМ-ге келесідей нақты қадамдарды жүзеге асыруды ұсынды:

  1. «Электрондық қорғаныс аймағы» жобасы: Жекелеген өңірлерде осы пилоттық жобаны әзірлеп, сынақтан өткізу.

  2. Нақты алгоритм бекіту: Жәбірленушіден немесе жүйеден қауіп туралы сигнал түскен кезде полиция қызметкерлерінің нақты не істеуі керектігін қадама-қадам көрсететін бірыңғай міндетті алгоритм қабылдау.

  3. Цифрлық бақылау және жауапкершілік: Әрбір қауіп сигналы және сол бойынша қабылданған шаралар автоматты түрде цифрлық тіркеуге алынуы тиіс. Бұл әр сигнал бойынша нақты қай қызметкердің, қашан және қандай шара қабылдағанын ашық көруге мүмкіндік береді.

Депутат өз сауалын «Заң мен тәртіп» қағидатын толыққанды жүзеге асыру үшін қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдаланып, қылмыстың салдарымен емес, себебімен күресу керектігін айтып қорытындылады.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button