Қоғам
Тренд

Жол апатынан кейінгі өтемақы: Бүгіннен бастап сақтандыру төлемдері тек қолма-қол ақшасыз беріледі

Қазақстанда көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша төлем жасау ережесіне маңызды өзгерістер енді. 2026 жылғы 21 қазаннан бастап жол-көлік оқиғасы салдарынан денсаулыққа немесе мүлікке келтірілген зиян үшін берілетін өтемақы тек қолма-қол ақшасыз тәсілмен төленеді, деп хабарлайды Tiek.kz.
Қолма-қол ақшамен алу мүмкіндігі жойылды
Бұған дейін қолданыста болған заңнамаға сәйкес, жол апатынан зардап шегуші сақтандыру төлемін алу тәсілін өзі таңдай алатын: қолма-қол ақшамен немесе банк шотына аудару арқылы. Алайда қаржы нарығын цифрландыру және жетілдіру мәселелері бойынша қабылданған № 352-VIII жаңа заң аясында бұл таңдау құқығы алынып тасталды.
Бүгіннен бастап күшіне енген жаңа редакцияға сай, сақтандыру төлемі тек қана пайда алушының банк шотына аудару арқылы жүзеге асырылады. Айта кетерлігі, қаражатты есепке жатқызуға және аударуға байланысты барлық банктік комиссияларды сақтандыру ұйымы өз қаражаты есебінен төлеуге міндетті.
Ақша жөндеу орталықтарына (ТҚС) тікелей аударылмайды
Тағы бір айтарлықтай өзгеріс – қаражатты үшінші тұлғаларға аударуға қойылған шектеу. Бұрын көлігі бұзылған адам жазбаша өтініш немесе нотариалды сенімхат жазып, өтемақыны бірден техникалық қызмет көрсету станциясының (ТҚС) шотына аудара алатын еді.
Енді бұл норма да жойылды. Заңның 25-бабына енгізілген жаңа өзгеріске сәйкес, ақша тек зардап шегушінің (пайда алушының) жеке банк шотына ғана түсуі тиіс.
(Дереккөз: Kaz.zakon.kz)

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button