Әлем
Тренд

Ядролық қару жарысын тежеген соңғы келісім аяқталды

2026 жылдың 5 ақпанында Ресей мен АҚШ арасындағы Стратегиялық шабуыл қарулары туралы келісімнің (СНВ-III) мерзімі ресми түрде аяқталды

Бұл құжат екі державаның ең ірі ядролық арсеналдарын шектеп келген соңғы халықаралық тетік еді. Енді екі елді ядролық қару жарысынан ұстап тұратын нақты құқықтық шектеу қалмай отыр. Бұл туралы BBC зерттеу материалына сілтеме жасап Tiek.kz хабарлайды.

Келісім нені реттеді?

2010 жылы қол қойылып, 2021 жылы бес жылға ұзартылған СНВ-III келісімі бойынша:

  • ядролық қару тасымалдаушылары 800 бірліктен аспауы тиіс,

  • олардың тек 700-і ғана толық жауынгерлік дайындықта бола алады,

  • ядролық оқтұмсықтар саны 1550-мен шектелді,

  • тұрақты инспекциялар мен дерек алмасу жүйесі жұмыс істеді.

Бұл тетіктер екі ел арасындағы сенімді арттырып, қырғи-қабақ соғыс кезеңінен қалған шиеленісті төмендетуге мүмкіндік берген еді.

Қатынастардың нашарлауы және келісімнің тоқтауы

2020 жылы пандемияға байланысты тексерулер уақытша тоқтатылды. Ал 2022 жылдан кейін тараптар инспекцияларды қайта бастау жөнінде ортақ тіл таба алмады. 2023 жылы Ресей келісімге қатысуын «уақытша тоқтататынын» мәлімдеді. Мәскеу НАТО елдерінің санкцияларын және Украиндағы соғысқа байланысты АҚШ ұстанымын себеп ретінде атады.

2025 жылы Владимир Путин шектеулерді ерікті түрде тағы бір жыл сақтауды ұсынғанымен, бұл бастама нақты тексеру механизмдерін қамтымады. Дональд Трамп «жаңа әрі жақсы келісім керек» деп қысқа ғана жауап берді. Нәтижесінде құжат мерзімі ұзартылмай қалды.

Неге бұл қауіпті?

Сарапшылардың пікірінше, инспекциялар мен дерек алмасу болмаған жағдайда:

  • қарсы тараптың нақты арсеналы белгісіз болады,

  • әскери жоспарлау қате болжамдарға сүйенуі мүмкін,

  • ядролық қаруды көбейтуге ынта артады.

Кингстон университетінің зерттеушісі Максим Старчактың айтуынша, бұл — қаруды бақылау жүйесінің түпкілікті күйреуі.

Біраз уақыт ядролық және стратегиялық қару саны өседі. Жаңа элиталар қалыптаспайынша, СНВ тәрізді келісімдерге оралу қиын», – дейді ол.

Жаңа қарулар мен жаңа жарыс

Ресей соңғы жылдары СНВ-ға кірмейтін жүйелерді дамытып жатыр: «Посейдон» суперторпедасы, «Буревестник» зымыраны, «Сармат» кешені, сондай-ақ «Орешник» баллистикалық зымыраны. АҚШ та стратегиялық күштерін жаңғыртып, Трамп бастамасымен «Алтын күмбез» атты зымыранға қарсы қорғаныс жобасын ілгерілетуде.

АҚШ Конгресінің есебіне сәйкес, алдағы он жылда ядролық күштерді ұстау мен жаңартуға 946 млрд доллар жұмсалуы мүмкін.

Халықаралық қауіпсіздікке соққы

СНВ-III — қырғи-қабақ соғыстан кейінгі тұрақтылықтың соңғы тіректерінің бірі еді. Бұған дейін:

  • 2019 жылы орта және қысқа қашықтықтағы зымырандар туралы келісім,

  • 2020–2021 жылдары Ашық аспан келісімі тоқтады.

Енді ядролық қаруды бақылаудың жаһандық архитектурасы іс жүзінде ыдырап, әлем жаңа әрі қауіпті кезеңге аяқ басты.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button