Қазақстан мен Пәкістан азық-түлік қауіпсіздігі үшін бірлескен жүйе құруға уағдаласты
Қазақстан мен Пәкістан мұсылман елдері үшін орнықты әрі әділ азық-түлік жүйесін қалыптастыру бағытында күш біріктіреді
Бұл туралы Мемлекет басшысы Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымы аясындағы ынтымақтастықты талқылау кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Президенттің айтуынша, екі ел аталған ұйымның белсенді мүшелері ретінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, агроөнеркәсіп саласын дамыту және өзара инвестициялық жобаларды ілгерілету жолында ортақ мақсат ұстанып отыр.
Жетісуда жаңа зауыт салынады
Мемлекет басшысы ынтымақтастықтың нақты нәтижесі ретінде Жетісу облысында қант қызылшасын өңдеу зауытын іске қосу туралы Almoiz Group компаниясымен жасалған келісімді ерекше атап өтті. Бұл жоба өңірдің аграрлық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге мүмкіндік береді.
Қазақстан – ірі экспорттаушы
Президент Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктеріне де тоқталды.
«Бүгінде біз әлемнің 70-тен астам еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 200-ден аса түрін экспорттаймыз. Соңғы он жылда агроөнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 2,5 еседен артық өсті. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті тағы екі есе арттыруды көздеп отырмыз», – деді Мемлекет басшысы.
Оның сөзінше, Қазақстан жоғары сапалы әрі экологиялық таза өнім шығаратын сенімді жеткізуші ретіндегі орнын нығайтып келеді. Сондықтан жаңа серіктестік байланыстарды кеңейту, өңірлік және жаһандық деңгейде жеткізу тізбегін құру маңызды басымдық болып қала береді.
Пәкістан тәжірибесі маңызды
Президент пәкістандық серіктестердің агросектордағы тәжірибесі мен инвестициялық мүмкіндіктері екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
«Пәкістандық әріптестеріміздің саладағы тәжірибесімен бөлісіп, капитал құюға дайын екенін құптаймыз. Бұл жобалар өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосады», – деді ол.
Осылайша, Қазақстан мен Пәкістан арасындағы аграрлық серіктестік мұсылман елдері үшін ортақ азық-түлік нарығын дамытуға және тұрақты жеткізу жүйесін қалыптастыруға бағытталмақ.



