Оқиға

Екі айға қамалған Navai бір апта өтпей босатылып, елден шығарылды

Қазақстан шекарасында есірткі контрабандасы күдігімен ұсталған ресейлік танымал рэпер Navai (Наваи Бакиров) қамаудан босатылып, ел аумағынан шығарылды. Оған қатысты қылмыстық іс ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылды, деп хабарлайды Tiek.kz.

Неліктен қылмыстық іс тоқтатылды?

Жамбыл облысы Полиция департаментінің мәліметінше, орындаушының қылмыстық жауапкершіліктен босатылуына оның құқықбұзушылықты алғаш рет жасауы және істеген ісіне шын өкінуі себеп болған.

«Ресейлік рэп орындаушысына қатысты қылмыстық іс құқықбұзушылықты алғаш рет жасағаны және шын өкінгені ескеріліп, қылмыстық-процестік заңнама талаптарына сәйкес ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылды. Қабылданған процестік шешімді қадағалаушы орган бекітті. Шетел азаматы Қазақстан аумағынан шығарылды», – деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Оқиға қалай өрбіген еді?

Еске салсақ, рэпер 13 қазанда Қазақстанға кірмек болған кезде «Қордай» шекара бекетінде полиция мен шекарашылардың бірлескен операциясы барысында ұсталған еді. Тексеру кезінде Бакиров мінген көліктен есірткі заты табылып, тәркіленді. Осыдан кейін есірткі контрабандасына оқталу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, сот оны екі айға қамауға алуға санкция берген болатын.

Рэпердің 14 қазанда Астанада өтуі тиіс концерті де тоқтатылды. Ұйымдастырушылар іс-шараның кейінге қалдырылуын «техникалық себептермен» түсіндірген еді.

Көрші елде де тексеріс басталды

Наваи Бакиров – «HammAli & Navai» дуэті арқылы танымал болған, кейін жеке орындаушы ретінде танылған ресейлік рэпер. Оның қазақстандық Jah Khalib сияқты әртістермен де бірлескен жобалары бар.

Қазіргі уақытта Қырғызстанның құқық қорғау органдары Navai-дың есірткімен өз шекараларынан қалай өтіп кеткенін анықтау бойынша арнайы тексеріс жүргізіп жатыр.

(Дереккөз: Politico.kz)

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button