Көпбалалы аналарды жәрдемақыдан бас тартуға мәжбүрлеу: Түркістан облысының әкімдігі ресми түсініктеме берді
Tiek.kz порталында бұдан бұрын жарық көрген «Түркістан облысында көпбалалы аналарды жәрдемақыдан бас тартуға мәжбүрлеп жатқаны рас па?» деген жарияланымға байланысты Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Tiek.kz.
Әлеуметтік қолдауды оңтайландырудың мақсаты неде?
Әкімдіктің ресми хабарламасында атап өтілгендей, қазіргі уақытта елімізде әлеуметтік қолдау шараларын оңтайландыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аталған шаралардың негізгі мақсаты – әлеуметтік қолдау жүйесінің тиімділігін арттыру және мемлекеттік көмектің нақты мұқтаж жандарға жетуін (атаулылығын) қамтамасыз ету болып табылады.
Үй аралап түсіндіруге тапсырма берілмеген
Сонымен бірге, жергілікті билік жекелеген тұрғын үйлерді аралап, бұл мәселе бойынша қандай да бір түсіндіру немесе үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге қатысты әкімдік тарапынан арнайы тапсырма берілмегенін мәлімдеді.
«Әлеуметтік желілерде осы мәселеге қатысты әртүрлі ақпараттардың таралуына байланысты жарияланымдарда көрсетілген мәліметтердің нақтылығы мен мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізілуде. Әкімдік тарапынан жағдайға қатысты ақпарат жан-жақты зерделеніп, тиісті мәліметтер нақтыланатын болады. Тұрғындарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамыз», – делінген Түркістан облысы әкімдігі баспасөз қызметінің ресми мәлімдемесінде.



