Мәдениет

«Бұл кітап мені емдеп шығарды»: Белгілі журналист Дана Нұржігіт өзінің «Көлеңкеде қалған шындық» кітабын таныстырды

Бұл кітап емдеп шығарды. Кез келген психотерапевттен артық емдеді.

Бүгін Астанада белгілі журналист Дана Нұржігіттің «Көлеңке. 115-1» атты кітабының тұсаукесері өтті. Туынды қоғамда ашық айтыла бермейтін, алайда адам өміріне тікелей қауіп төндіретін сталкинг (аңду) тақырыбына арналған.

Автор бұл мәселені  яғни сталкинг салдарын өзі бастан өткерген адам ретінде, іштей зерттеген куәгер ретінде баяндаған.
Кітап атауындағы «115-1» саны Қылмыстық кодекстегі жаңа бапқа сілтеме жасайды. Заңгер Абзал Құспан мен депутат Снежана Имашеваның мәліметінше, бұл баптың заңнамаға енгізілуіне Дана Нұржігіттің тікелей өзі ықпал еткен.
Полиция өкілдері де қайталанатын қоңыраулар мен хабарламалар, үйді немесе жұмыс орнын торуылдау жай ғана «мазалау» емес екенін қатаң ескертеді.
Ең бастысы — бұл тек жеке оқиға емес, нақты құқықтық көмек құралы. Кітап соңында сталкинг белгілерін тану, дәлелдерді сақтау және полицияға жүгіну бойынша арнайы нұсқаулық берілген.
«2023-жылы бұл кітаптың алғашқы жолын жазып бастадым, жаза бастадым. Ол кездегі жағдай енді өте ауыр болатын, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бірақ мені бұл кітап емдеп шығарды. Кез келген психотерапевттен артық емдеді. Мен ешкімнің еңбегін, менімен жұмыс істеген дәрігерлердің еңбегін ысырып қоймаймын, бәріне де рахмет айтам, бірақ сөз мен үшін кие, мен осы сөзге жүгінгеніме қуанамын бүгін. Мен өзімді ғана емес, басқаларды да «сақтаңыздар» деп айтқым келеді, «сақ болыңыздар» деп айтқым келеді, «жүрегіңізді тыңдаңыздар» деп айтқым келеді. Себебі мен ондайдың қандай ауыр болатынын бастан өткерген адаммын.

 

Сондықтан президент 2025-жылы осы заңға қол қойған кезде мен қоғам арасынан осыған бастамашы болған адамдардың бірі ретінде ғана емес, мұның қандай болатынын білетін адам ретінде қуандым. Өйткені көп адамға айтып түсіндіру мүмкін емес, күле қарайтын бұған, миығынан күледі.

Бұл түкке тұрмайтын нәрсе ғой, көмек сұрасаң келе қалады ғой дейді. Жоқ, шынтуайтын айтқанда, мұндай қыспақта жүрген адам, сталтингтің қыспағында жүрген адамға дәлел жинаудың өзі оңай емес. Кітапта көптеген детальдар бар», — дейді автордың өзі.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button