Спорт

Спорт пен туризм үндестігі: World Aquatics 2026 қатысушылары Астананың сәулетіне тәнті болды

Елордада өтіп жатқан жүзуден World Aquatics 2026 Әлем кубогінің финалдық кезеңіне қатысушылар жарыс жолында ғана емес, Астананың көрікті жерлерін аралап, қаланың туристік әлеуетімен де танысты, деп хабарлайды Tiek.kz.

Биыл Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған дүниежүзілік додаға әлемнің 39 елінен кіл мықты спортшылар жиналды. Олар бос уақытында «Бәйтерек» монументін, Тәуелсіздік алаңын, Ұлттық музейді және ерекше сәулетімен танымал «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығын тамашалады.

Шетелдіктердің әсері: Әлеуметтік желідегі жарнама

Шетелдік қонақтар Астананың заманауи сәулетіне, қаланың көркіне, қазақстандықтардың қонақжайлығы мен бай мәдени мұрасына ерекше қайран қалды. Ең бастысы, спортшылар елімізден алған әсерлерімен әлеуметтік желілерде жарыса бөлісуде. Бұл өз кезегінде Қазақстанның туристік мүмкіндіктерін миллиондаған халықаралық аудиторияға тегін әрі тиімді танытуға ықпал етіп жатыр.

Оқиғалық туризмге серпін

Мұндай ауқымды іс-шаралар оқиғалық туризмнің дамуына үлкен серпін береді. Шетелдік спортшылардың, бапкерлер мен мыңдаған жанкүйердің келуі қаладағы қонақүйлерге, көлік қызметіне және экскурсияларға деген сұранысты күрт арттырды.

Айта кетейік, 2026 жылдың басында Туризм және спорт министрлігі өңірлерге туристер тарту мақсатында ірі іс-шаралардың арнайы күнтізбесін бекіткен болатын. Бұл жүйелі жұмыс өз жемісін беріп, іс-шараларға келушілер санының артуына әкелді. Енді Министрлік туристік іс-шаралар күнтізбесін халықаралық спорт жарыстарының кестесімен толықтай үйлестіру мәселесін қолға алмақ.

Бұл бастама шетелдік қонақтарға тек спорттық бәсекелерді тамашалап қана қоймай, ұлттық дәстүрлерімізбен танысуға және Қазақстанның табиғаты мен мәдениетін тереңірек сезінуге мүмкіндік береді.

2027 жылға ауқымды жоспарлар

Елімізді алдағы уақытта бұдан да ірі спорттық оқиғалар күтіп тұр. Мәселен, 2027 жылы Қазақстанда спорттың алты түрінен әлем чемпионаты өтеді деп жоспарланған:

  • Астанада: Үстел теннисі, дзюдо, қазақ күресі, бокс және таеквондодан әлем чемпионаттары;

  • Алматыда: Стенд атудан әлем чемпионаты.

Бұдан бөлек, еліміз халықаралық деңгейдегі маңызды жиын – УЕФА Конгресін қабылдайды. Мұндай әлемдік деңгейдегі жарыстарды өткізу Қазақстанда спортты дамытып қана қоймай, туристік тартымдылықты арттырады, халықаралық беделімізді нығайтып, қызмет көрсету саласының өркендеуіне жол ашады.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button