Қоғам
Тренд

Бектенов: Конституция жобасы ғылым мен инновацияға жаңа серпін береді

Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық ғылым академиясының мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, өңір әкімдері және бизнес өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді

Жиында ғылымды экономиканың нақты секторымен ұштастыру, ғылыми жобаларды қолдау және Ұлттық ғылым академиясының әлеуетін тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.

Кеңес барысында Мемлекет басшысының экономиканы цифрлық трансформациялау жөніндегі тапсырмаларын орындау, ғалымдар мен өндіріс арасындағы кооперацияны күшейту, ғылыми кадрларды қолдау шаралары қаралды.


Конституция жобасын түсіндіру – маңызды міндет

Үкімет басшысы сөзінің басында жаңа Конституция жобасының мазмұнын қоғамға ашық әрі түсінікті жеткізудің маңызына тоқталды.

Оның айтуынша, құжатта елдегі саяси және экономикалық жаңғырудың негізгі бағыттары көрініс тапқан. Әсіресе білім, ғылым және инновация салаларына басымдық берілген.

Ата Заңның жаңа жобасы – болашаққа бағытталған прогрессивті құжат. Онда адам құқығы мен бостандығы мемлекеттің басты құндылығы ретінде бекітілген. «Заң мен тәртіп», «Әділетті әрі таза Қазақстан» идеялары қоғам тарапынан кең қолдау тапты. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы саяси жүйенің тұрақтылығын нығайта түседі, — деді Олжас Бектенов.


Ғылым – ұлттық дамудың өзегі

Талқылау барысында ғылыми қауымдастық өкілдері жаңа Конституция жобасын қолдап, ғылымның мемлекет дамуының негізі ретінде айқындалуын маңызды қадам деп бағалады.

Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев құжатта ғылым мен технологияға ерекше мән берілгенін атап өтті.

— Жаңа Конституция жобасы адам құқығын қорғап қана қоймай, Қазақстанның ұзақмерзімді ғылыми-технологиялық дамуының берік іргетасын қалайды, — деді ол.

Академик Вячеслав Локшин медицина ғылымының стратегиялық маңызын атап өтіп, денсаулық сақтау саласындағы инновациялар ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлігі екенін айтты.

— Ғылым – қосалқы сала емес, мемлекеттің тікелей стратегиялық ресурсы. Цифрлық диагностика, телемедицина, жасанды интеллект технологияларын енгізу – бүгінгі күннің талабы, — деді ғалым.


Цифрлық шешімдерге басымдық

Кеңесте жасанды интеллект пен үлкен деректерді пайдалану, телемедицинаны дамыту, медицина саласының кадрлық әлеуетін нығайту мәселелері де жан-жақты талқыланды.

Премьер-министр ғылыми әзірлемелерді экономикаға енгізу тетіктерін жетілдіру Үкімет жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып қала беретінін жеткізді.


Қысқаша түйін

Жиын қорытындысы жаңа Конституция жобасы елдің саяси ғана емес, ғылыми-технологиялық дамуына да серпін беретін құжат екенін көрсетті. Ғылымды экономиканың қозғаушы күшіне айналдыру – мемлекеттің ұзақмерзімді басымдығы болып қала береді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button