Экономика

Елімізде пәтерді 6 ай күтпей-ақ сатып алуға болатын ипотека іске қосылды

Аралық заемның бастапқы мөлшерлемесі – 8,5%. Кейін ол 3,5-5%-ға дейін төмендейді.

«Отбасы банк» бүгіннен бастап «Наурыз» бағдарламасына қатысушыларға депозиттегі ақшаны алты ай бойы жинамай-ақ, баспана сатып алуға мүмкіндік беретін жаңа тетікті іске қосатынын хабарлады. 

Ол үшін пәтер құнының 50%-ын депозитке салу керек болады. Қалған сома аралық берешек ретінде рәсімделеді.

Банктің ресми сайтында жаңа тетік 15 қазаннан бастап BI Group, SAT NS және QazaqStroy құрылыс компанияларымен бірлесіп іске қосылытнын айтылған. Әуелде BI Group Астана, Алматы, Шымкент және Атырау қалаларынан 600 пәтер ұсынады.

Аралық заемның бастапқы мөлшерлемесі – 8,5%. Кейін ол 3,5-5%-ға дейін төмендейді. Пәтер сатып алу үшін алдымен құрылыс компаниясының сату бөлімінде баспананы таңдап, брондау қажет. Брондалғанын растайтын хатты алған соң, «Отбасы банкке» жүгінуге болады.

Сондай-ақ, «Отбасы банк» «Наурыз» бағдарламасы бойынша заемы мақұлданғанмен, әлі баспана таппаған 2 мыңға жуық клиенттің мақұлдау мерзімін 2026 жылдың 30 желтоқсанына дейін ұзартты. Биыл осы бағдарлама арқылы 10 мыңнан астам отбасы баспаналы болған.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button