Қоғам

Әкімдік үш баланың өмірін құтқарып қалған тұрғынның үйін тартып алғалы жатыр: Екібастұз қаласының әкімдігі мәлімдеме жасады

Суға кетіп бара жатқан үш баланың өмірін құтқарып қалған Павлодар облысы, Солнечный кентінің тұрғыны Денис Леонтьев жалғыз баспанасынан айырылып қалғалы тұр. Жергілікті әкімдік отбасы бес жылдан бері тұрып жатқан пәтерден шығару туралы сотқа талап арыз түсірген.

Жақында tiek.kz редакциясына үш баланы құтқарып, мемлекеттік марапатқа ие болған Денис Леонтьев әйелімен және үш баласымен далада қалуы мүмкін екенін айтып хабарласқан еді.

Айтуынша, бұл баспананы 2022 жылы сатып алу құқығымен жалға алып, өз есебінен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Алайда көп ұзамай жалға берушінің заңды қожайын емес екені белгілі болды. Денис түсініктеме сұрап әкімдікке жүгінген, ондағылар оған бұл пәтер 2018 жылдан бері иесіз мүлік ретінде есепке алынғанын, нақты айтар болсақ, мемлекетке тиесілі екенін хабарлаған.
Қызығы, мұрағат құжаттары бойынша нақты иесі 2018 жыл емес, 2021 жылы қайтыс болған. Соған қарамастан шенеуніктер Дениске өз қаулыларының көшірмелерін берместен, сотқа «пәтерден күштеп шығару туралы» талап-арыз түсірген.

«Біреулерге пәтерлер, миллиондар, көліктер беріліп жатады, ал менің жалғыз баспанамды тартып алмақшы», — дейді ол ашынып. Отбасы коммуналдық қызметтер үшін уақытылы төлеп келеді, ал балалар жергілікті мектеп пен емханаға тіркелген.

tiek.kz редакциясы осы арыз бойынша, барлық мән-жайды анықтау үшін Екібастуз әкімдігіне ресми сауалдар жолдаған еді.

Бүгін редакциямызға әкімдіктің жауабы келді. Әкімдіктің жауабында Павлодар облысы Екібастұз қаласы Солнечный кенті, Тәуелсіздік даңғылы, № 11 үй, № 54 пәтердің коммуналдық меншік объектісі болып есептелетіне және әкімдіктің 2018 жылғы 1 қарашадағы № 1064/11 қаулысы негізінде «Екібастұз қаласы әкімдігінің экономика және қаржы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде тұрғаны айтылған.

Жылжымайтын мүлікке құқық Павлодар облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамында белгіленген тәртіппен тіркелген (кадастрлық нөмірі: 14:219:107:005:6:54).

Сондай-ақ, пәтердің бұрынғы меншік иесінің 2021 жылы қайтыс болғаны туралы мәліметтер құжат жүзінде расталмаған. Қолда бар құжаттарды зерделеу және тұрғын үй қорын түгендеу барысында пәтерге меншік құқығының тіркелгені туралы мәліметтер анықталмағандықтан, аталған тұрғын үйге қатысты мұрагерлік мәселесі әкімдік тарапынан қарастырылмағаны айтылады.

«Қолда бар құжаттарға сәйкес, 1993 жылғы 28 мамырда пәтер жекешелендіру шарты негізінде жеке тұлғаның меншігіне өтеусіз негізде берілген. Кейіннен, 1995 жылғы 6 сәуірде аталған пәтерге қатысты «Екібастұзэнерго» ЖШС-мен сатып алу-сату шарты жасалған.

Сонымен қатар аталған серіктестікке меншік құқығының ауысуы белгіленген тәртіппен тіркелмегендіктен, оның меншік құқығы туындамаған.

Тұрғын үй қорын түгендеу барысында Екібастұз қаласының әкімдігі аталған пәтерге қатысты тіркелген құқықтардың жоқ екенін анықтаған.Осыған байланысты Екібастұз қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 1 қарашадағы № 1064/11 қаулысымен пәтер коммуналдық меншікке қабылданып, тиісті есепке қою және кейіннен меншік құқығын белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркеуді ресімдеу мақсатында есепке алынған.

Тұрғын үй қорын түгендеу барысында аталған пәтерге қатысты тіркелген меншік құқықтарының жоқ екені анықталған. Осыған байланысты Екібастұз қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 1 қарашадағы № 1064/11 қаулысымен пәтер коммуналдық меншікке қабылданып, тиісті есепке қойылған және мемлекеттік меншік құқығын заңнамада белгіленген тәртіппен тіркеу көзделген», — делінген әкімдік жауабында.

Пәтердің мемлекеттік меншікке қабылданғаны туралы құжаттың көшірмесін немесе онымен танысу мүмкіндігін беру туралы өтінішке қандай негізде бас тартылған? Аталған құжатпен өтініш иесін немесе оның заңды өкілін таныстыруға бола ма?

Пәтерді мемлекеттік меншікке қабылдауды растайтын құжаттың көшірмесін беруден бас тартылған жоқ, өтініш беруші немесе оның заңды өкілі осы мәселе бойынша қолда бар құжаттармен танысу үшін белгіленген тәртіппен уәкілетті органға жүгіне алады.

Денис Леонтьевтің отбасы 2022 жылдан бері осы пәтерде тұрып келе жатқаны туралы әкімдікке немесе коммуналдық қызметтерге белгілі болды ма? Егер белгілі болса, осы уақыт аралығында отбасының тұрғын үйді пайдалануына қатысты қандай да бір шаралар қабылданды ма?
Тұрғын үй қорындағы объектілерді тиісінше есепке алу және олардың пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Екібастұз қаласының әкімдігі тұрғын үй-жайларға мерзімді түрде түгендеу жүргізеді.

Солнечный кенті әкімі аппаратының қызметкерлері тұрғын үй қорына кезекті түгендеу жүргізу барысында 2026 жылғы 23 ақпанда өтініш берушінің отбасы Павлодар облысы, Екібастұз қаласы Солнечный кенті, Тәуелсіздік даңғылы, № 11 үй, № 54 пәтерде аталған тұрғын үйді пайдалануға заңды құқығын растайтын құжаттарсыз тұрып жатқанын анықтады. Анықталған мән-жайлар тиісті тексеру актісімен ресімделді.

Тексеру нәтижелері бойынша 2026 жылғы 27 наурызда өтініш берушіге тұрғын үйді пайдалану құқығын растайтын құжаттардың болмауына байланысты пәтерді өз еркімен босату туралы талап қойылып, сотқа дейінгі хабарлама табысталды.

Осылайша, аталған пәтерде отбасының тұру фактісі 2026 жылғы ақпанда тұрғын үй қорын түгендеу барысында анықталып, содан кейін әкімдік тарапынан заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті ден қою шаралары қабылданды. Әкімдікте немесе коммуналдық қызметтерде отбасының аталған пәтерде 2022 жылдан бастап тұрып жатқаны туралы мәліметтерқұжат жүзінде расталмаған.

Үш баласы бар отбасының осы пәтерде тұруына байланысты қандай да бір әлеуметтік немесе тұрғын үй мәселелері қарастырылды ма? Отбасының тұрғын үйді заңды негізде пайдалануына мүмкіндік беретін тетіктер бар ма?

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй кезекте тұрған азаматтарға белгіленген тәртіппен беріледі.

Азамат Д.А. Леонтьев 2026 жылғы қаңтардан бастап тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұр.
Сонымен қатар, аталған пәтерді заңды түрде пайдалану үшін заңнамада көзделген негіздер мен тиісті құжаттар болуы қажет. Пәтерде тұру және тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұру оны пайдалануға құқық бермейді.

Өтініш иесінің мәліметінше, әкімдікке жүгінгеннен кейін келесі күні оған қатысты тұрғын үй актісін жасау және сот арқылы шығару туралы мәселе көтерілген. Бұл әрекеттер қандай құқықтық негізде жүргізілді? Отбасын тұрғын үйден шығару туралы сотқа талап арыз берілді ме? Егер берілсе, оның қазіргі қаралу мәртебесі қандай?

Д.А. Леонтьев және оның отбасы мүшелерінің аталған тұрғын үйді құқық белгілейтін құжаттарсыз пайдалануына байланысты Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 107-бабы 5-тармағына сәйкес сотқа тұрғын үйден шығару туралы талап қою арызы жолданды.
Сонымен қатар, жылу беру маусымы кезеңінде отбасының тұрғын үй жағдайының нашарлауына жол бермеу мақсатында аталған тұрғын үйден шығару туралы талап қою арызы кері қайтарылды. Бұдан арғы шаралар туралы мәселе істің мән-жайлары мен Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының талаптары ескеріле отырып қаралатын болады.

Отбасы пәтерде тұрған уақыт ішінде коммуналдық қызметтерге берешегі болмағаны және балалардың жергілікті медициналық ұйымға тіркеліп, үлкен баласының мектепке барғаны туралы мәліметтер растала ма?

Коммуналдық қызметтерге ақы төлеуді оларды нақты пайдаланатын тұлғалар жүзеге асырады.Отбасының аталған пәтерде тұрған кезеңінде коммуналдық қызметтер бойынша берешектің жоқтығы туралы ақпарат тиісті коммуналдық қызметтер мен қызмет көрсетуші ұйымдардың мәліметтері негізінде расталуға тиіс.

Қолда бар мәліметтерге сәйкес, отбасының кәмелетке толмаған мүшелерінің бірі Солнечный кентіндегі жалпы білім беретін мектептің оқушысы болып табылады.

Әкімдік аталған жағдайды жан-жақты тексеріп, пәтердің құқықтық мәртебесін анықтау және отбасының тұрғын үйді заңды негізде пайдалану мүмкіндігін қарастыру үшін қандай шаралар қабылдайды?

2026-2027 жылдардағы жылу беру маусымы аяқталғаннан кейін өтініште көрсетілген мәселе тұрғын үйдің құқықтық мәртебесі, тұрғын үй қатынастары саласындағы заңнама талаптары және істің нақты мән-жайлары ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралатын болады.

Денис Леонтьевтің отбасының тұрғын үйден шығарылуы мәселесі қаралған жағдайда, үш баланың мүддесі мен отбасының тұрғын үй жағдайы ескеріле ме? Отбасыға заңнамада көзделген әлеуметтік немесе тұрғын үй көмегін көрсету мүмкіндігі қарастырыла ма?

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 107-бабына сәйкес, тұрғын үйді құқық белгілейтін құжаттарсыз пайдаланып отырған азаматтарды тұрғын үйден шығару сот шешімі негізінде жүзеге асырылады.

Кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау, сондай-ақ отбасының тұрғын үй жағдайына қатысты мәселелер істің мән-жайлары мен қолданыстағы заңнама талаптары ескеріле отырып, сот талқылауы шеңберінде қаралуға жатады.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Tiek ақпарат порталы (@tiek.kz)

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button