Қазақстанда шетелдіктерге бақылау күшейтіледі: ІІМ жаңа талап әзірледі

Қазақстанда шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) беру тәртібі өзгеруі мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Шетелдіктердің елде жүру заңдылығы тексеріледі.
Ішкі істер министрлігі Қазақстанда уақытша жүрген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға ЖСН қалыптастыру және оның деректерін түзету қағидаларына өзгерістер енгізуді ұсынып отыр.
Жаңа тәртіп бойынша шетелдіктердің Қазақстан аумағында жүру немесе тұру заңдылығы иммигранттардың эталондық деректер базасындағы мәліметтер арқылы тексеріледі.
Яғни шетел азаматы ЖСН алу үшін жүгінген кезде мемлекеттік органдар оның Қазақстанда заңды негізде жүргенін тиісті ақпараттық база арқылы анықтай алады.
Жаңа талап не үшін енгізілмек
ІІМ мәліметінше, ұсынылған өзгерістердің негізгі мақсаты – ЖСН беру кезінде шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан аумағында жүру заңдылығын тексеру.
Сонымен қатар ведомство мемлекеттік қызмет көрсету барысында пайдаланылатын мәліметтердің дұрыстығын арттыруды көздеп отыр. Әзірге бұл өзгерістер күшіне енген жоқ. Құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылған.
Жоба бойынша ұсыныстар мен пікірлер 28 қазанға дейін қабылданады.



