«Бағаны үш есе көтерген»: inDrive сервисіне ескерту жасалды
Кейбір сапарлардың құны үш есеге жуық қымбаттаған.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі inDrive такси қызметіне ресми ескерту жолдады. Бұған 11 қазанда «Яндекс Go» уақытша істемей қалған кезде inDrive арқылы жол жүру бағасы күрт өскені туралы ақпарат себеп болған.
Кейбір сапарлардың құны үш есеге жуық қымбаттаған. Осы жағдайдан кейін inDrive қызмет ақысын міндетті салықтарды төлеуге қажетті ең төменгі деңгейге дейін азайтқанын хабарлады. Сондай-ақ жолаушылар мен жүргізушілердің өзара келісетін бағасына шектеу енгізген.
Агенттік мұндай ескерту ықтимал заң бұзушылықтардың алдын алу, тұтынушылардың құқығын қорғау және нарықтағы әділ бәсекелестікті сақтау үшін жасалғанын түсіндірді.
Бұған дейін Ресейдің Владимир қаласындағы «Яндекс» деректер орталығы ұшқышсыз ұшу аппаратының шабуылынан зақымданып, жұмысы тоқтаған. Соның салдарынан Қазақстанда «Яндекс Go» таксиі мен жеткізу қызметтерінде, сондай-ақ «ақылды үй» жүйесінде ақаулар болған.



