2016-2026: Астана қалай өзгерді? (Фоторепортаж)
Трендке қосылып, елорданың 10 жыл бұрынғы, тіпті 20 жыл бұрынғы суреттерін бүгінгісімен салыстырдық
Астанаға енді келгендер қаланың көрікті жерлерін көріп тамсанып жататын шығар. Ал қалада көптен тұрып келе жатқандар үшін елорда көз алдында өскен бала сияқты. Әрбір қуысын жатқа білетіндей көрінеді. Алайда, уақыт өте бұрынғы көрінісі ұмытыла бастауы мүмкін. Біз бүгін соны жаңғыртып, бас қаланың өткені мен бүгінін салыстыруды бастамақпыз. Tiek.kz редакциясына астаналық фотограф Валдис Кейшс көп жылдан бері түсіріп келген фотосуреттерін тарту еткен болатын. Біз солардың ішінен 2006 және 2016 жылғы суреттерді іріктеп, біртіндеп ұсынбақпыз.
Бір кездері «Нұр-Астана» деп аталған мешіт. Қазір «Әбу Насыр Әл-Фараби» деп аталады. Оң жақтағы ғимараттың құрылысы бітіп, ағаштардың өскені ерекше көзге түсетін сияқты. «Солтүстік шұғыласы» тұрғын үйі де мұнарлап тұр


Ал бұл — осы «Әбу Насыр Әл-Фараби» мешітінің 10 жыл бұрынғы фотосы. Сол жақ қапталда салынған үйлер ғана өзгеріс беріп тұрғандай


Астанада бейресми атауы бар ғимараттардың бірі — Көлік министрлігінің кеңсесі. Қала тұрғындары оттыққа ұқсайтындықтан «Зажигалка» деп атайды. Бірнеше рет өрт шыққанда «атына сай екен» деген сөз мәтелдей болып кеткен. Келесі фото 20 жыл бұрынғы өрттің кезінде түсіріліпті. Қазір бұл жер — қызу тіршіліктің ортасы. Көлік ағыл-тегіл, автотұрақта орын тапшы


«Хан Шатыр». 2010 жылы қолданысқа берілген сауда-ойын сауық орталығының 10 жыл бұрынғы фотосы мен бүгінгісін салыстырсақ: айналасына көпқабатты үйлер мен кеңселердің көп салынып, дамып жатқанын байқауға болады


Тұран даңғылының бойымен ескі қала жағына қарай беттесек. Ең алдымен «Думан» қонақ үйіне тоқталған жөн. Архивтегі фотода осы нысанның 20 жыл бұрынғы құрылыс барысы түсіріліпті.


Енді ескі қаладан бір көрініс. Қала әкімдігінің алдында түсірілген фото. 2006 жылы «Миллениум» деген нысанның орнына тұрғызылып жатқан «Гранд Алатау» тұрғын үй кешені.


20 жыл бұрын оң жағалау мен сол жағалауды жалғап тұрған негізгі көпір — «Самал» шағын ауданындағы өткел еді. Осы аралықта бұл жер де қатты өзгерген. Сол уақыттағы шыбықтар биік ағаш болып, «Astana Tower» ғимаратын анық көрсетпейтіндей болыпты.


Мына фотода 2016 жылғы көрініс. Жаяу жүргіншілерге арналған көпір үстінен түсірілген кадрде айтарлықтай айырмашылық жоқ. Тек қонақ үй құрылысының аяқталғаны болмаса


LRT жыры басталмай тұрып Астанадағы ұзақ салынған ғимараттың бірі саналып келген Абу-Даби плаза. Бірінші суретте 10 жыл бұрынғы құрылыстың алғашқы кезеңі түсірілген. Қазір бас қаланың ажарын ашып тұрған зәулім ғимарат.


Бір күнде тек осы нысандарды ғана қамти алдық. Қаланың 10-15 жыл бұрынғы бейнесін еске түсіретін фоторепортаждардың келесі шығарылымдарын Tiek.kz сайтынан күтіңіздер



