Қоғам

Балқаштың жаңа тынысы: Олжас Бектенов моноқаладағы ауқымды жаңғырту жұмыстарын тексерді

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Балқаш қаласына арнайы барды. Үкімет басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың моноқалаларды дамыту және инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді, деп хабарлайды Tiek.kz.

Балқаш – еліміздегі басты өнеркәсіп орталықтарының бірі. Бүгінде мұнда тек тау-кен металлургиясын ғана емес, шағын және орта бизнесті, туризмді дамыту арқылы экономиканы әртараптандыру қолға алынған. Өндіріспен қатар, халықтың өмір сүру сапасын арттыру да назардан тыс қалмады. Мәселен, 2026 жылы Қарағанды облысының әлеуметтік саласын дамытуға 432 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде білім беруге – 298 млрд, мәдениет пен спортқа – 63 млрд, әлеуметтік қамсыздандыруға – 55 млрд және денсаулық сақтауға – 15,7 млрд теңге бағытталды.

Жол сапасы – басты назарда

Сапар барысында Олжас Бектеновке аймақтағы автожолдарды жөндеу барысы таныстырылды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжановтың мәліметінше, ұзындығы 363 шақырымды құрайтын «Қарағанды – Балқаш» және 200 шақырымдық «Қарағанды – Қарқаралы» тасжолдарын реконструкциялау толық аяқталған. Ал 457 шақырымдық «Қарағанды – Жезқазған» жолында жұмыс қызу жүріп жатыр.

Жалпы өңірде 643 шақырым жол жөндеумен қамтылып, оған 61,3 млрд теңге жұмсалған. Алдағы үш жылда тағы 875 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Бұл 2029 жылға қарай жақсы жағдайдағы автожолдардың үлесін 97%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Премьер-министр жол құрылысындағы сапа мәселесіне қатысты әкімдік пен жауапты министрлікке нақты тапсырмалар берді. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы алған сынамалардың 81%-ы талапқа сай болғанымен, анықталған 155 сәйкессіздік бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Президент өңірлердегі инфрақұрылымды жаңғырту, әсіресе жолдардың сапасын жақсарту мәселесін әрдайым атап өтуде. Орталықтан қажетті қаражат бөлінуде. Жергілікті жерлерде оның мақсатты жұмсалуына, ең бастысы – жұмыс сапасына бақылауды күшейту қажет. Ел ішіндегі және халықаралық маңызы бар жолдар барлық сапа стандарттарына сәйкес келуі керек. Азаматтардың шағымдарының басым бөлігі дәл осы ішкі жолдарға қатысты. Бұл мәселені қатаң бақылауға алыңыздар», – деді Олжас Бектенов.

Заңсыз активтер есебінен жаңарған тарихи әуежай

Премьер-министр Балқаштың 1967 жылы салынған әуежайын кешенді жаңғырту нәтижелерін де бағалады. Айта кетерлігі, бұл жобаны қаржыландыру елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару есебінен де жүзеге асырылып, Арнаулы мемлекеттік қордан 946 млн теңге бөлінген.

Жаңғырту нәтижесінде ұзындығы 2,5 шақырым болатын ұшу-қону жолағы мен перрон қайта жасалды. Әуевокзал ғимаратының тарихи келбеті сақтала отырып, аумағы 1,8 мыңнан 2,7 мың шаршы метрге дейін кеңейтілді. Енді әуежай сағатына 80 жолаушыға дейін қабылдай алады және жаңа 11 арнайы техникамен жабдықталған. Бүгінде инфрақұрылым Халықаралық азаматтық авиация комитетінің (ICAO) стандарттарына толық жауап береді.

Туризм: 200 мың демалушы және 4 млрд теңге табыс

Жол мен әуежайдың жаңаруы Балқаш туризмінің тамырына қан жүгіртті. Жазғы маусымда туристер легі артқандықтан, Астана мен Алматыдан субсидияланатын әуе рейстері аптасына 5 рет орындалды. Сонымен қатар, «Қарағанды – Балқаш» бағыты бойынша теміржол қатынасы іске қосылды.

Нәтижесінде, 2026 жылғы жазғы маусымның қорытындысы бойынша Балқашқа 200 мыңға жуық турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18,3%-ға жоғары. Ал туристік қызметтен түскен кіріс 4 миллиард теңгеден асып түсті. Үкімет басшысы қолға алынған инфрақұрылымдық жобалар өңір экономикасын әрі қарай өркендетуге қуатты серпін беретінін атап өтті.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button